Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың сары домалақ баласымын": Алматылық Владимир қазақстандық екенін не үшін мақтан тұтатынын айтты

“Қазақтың сары баласы” атанып кеткен Владимир Чепель – Ассамблеяның белсенді мүшесі әрі спикері. Ол Ассамблеяның жергілікті филиалы жанынан ашылған тіл үйрету орталығында қазақ тілін меңгерем деушілерге көмектеседі. Ұлты орыс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын 30 жастағы азамат “әрбір қазақстандық қазақ тілін білсін” деген ұстанымды ұстанады. Чепель Stan.kz тілшісіне оның түсінігіндегі патриоттық сезім не екенін айта отырып, жастарды қалай елін сүюге тәрбиелеуге болатынын айтты.

чепель

“Ананың сүтімен дарыған тіл...”

Владимир Чепель жеті жылдан бері Алматы облысы, Ақсу ауданы Қапал ауылдық округы әкім аппаратының бас маманы болып жұмыс істейді. 2017 жылдан бастап Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің жас өкілдері арасында мемлекеттік тілді оқыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп, ауылда құқықтық мәдениет қалыптастыру бойынша белсенділік көрсетеді. Айтуынша, осы өңірде туып-өскен. Орыс жігітінің қазақ тілінде мүлткісіз сөйлейтіні көпті сүйсіндірді. Ауылда қазақтардың арасында өскен Чепель мемлекеттік тілді кішкентайынан жетік білетінін айтты.

“Шынымды айтсам, қай жастан бастап мемлекеттік тілде сөйлейтінімді де білмеймін. Барлығы ана тілі ананың сүтімен балаға дариды дейді. Мүмкін, бұл сөздің жаны бар. Өзім 1993 жылдың қысында дүниеге келдім, анамның мені емізетін мүмкіндігі болмаған. Сол себепті Алтын атты тәте маған сүтін берді. Қазақ ананың сүті арқылы қазақи тәрбие, қазақ мәдениеті дарыған шығар деп сенемін. Мені ауылдағылар “сары бала Владимир” дейтін. Иә, мен қазақтың сары домалақ баласымын”, – деді ол.

Қапалдық жігіттің айтуынша, әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі керек. Ол әлі күнге дейін тіл үйрене алмай жүргендерге кеңес беріп, қазақ тілі көпшілігі ойлағандай қиын тіл емес екенін атап өтті. 

“Қазақ тілінде сөйлеу – мүлдем қиын емес. Бәрі ниетке байланысты. Талаптанған әр азамат сөйлеп кете алады. Енді тілді меңгеріп жүргендерге айтарым, ең бастысы – тырысу керек. Айтылымнан, акценттен ұялуды тоқтатқан жөн”, – дейді Чепель.



Кейіпкер қазақ тілін білу оған қызметте, қарым-қатынаста жол ашқанымен, негізгі жетістіктерге өзінің еңбегінің арқасында жеткеніне сенімді. Себебі мемлекеттік тілді білу –  міндет, ал мүмкіндіктерге ие болу үшін адам өзі тынбай жұмыс істеуі тиіс.

“Патриотизм сөзбен емес, істе көрінеді”

Владимир Чепель Қазақстанда туғанын үлкен мәртебе деп санап, мақтан тұтады. Ол Отанының алдында үлкен жауапкершілік сезетінін және оны сөзбен емес, іспен дәлелдегісі келетінін түсіндірді.

“Менің ойымша, еліміздің әрбір азаматы патриот. Нағыз патриотизм сөзбен емес, мемлекетіміз үшін іс-әрекетте көрінеді. Мысалы, мемлекеттік тілді білу, мемлекетіміздің, халқының мәдениеті мен тұрмысын құрметтеу – негізгі фактор. Өз Отанының патриоты мемлекетімізді кез келген уақытта сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғауға дайын болуы керек”, – деді Ассамблея мүшесі.

Ол патриот болу үшін немесе Отанын құрметтеу үшін себеп керек емес екенін атап өтті.

“Сіз елді бір нәрсе үшін жақсы көре алмайсыз. Өйткені Отанды сүюге себеп керек емес. Мен үшін бұл – елге және халқыма деген шынайы махаббат”, – деді қазақ сары баласы.

Владимир қазіргі таңда ақпараттың көптігі мен Интернеттің арқасында жастар Батыс мәдениетіне қызығып, көбірек білгісі келетінін айтады. Бұл үрдіс көпті алаңдатқанымен, Чепель тәрбие мықты болса, мұның еш әсер ете алмайтынын айтты.

“Көп ақпарат біліп, шетелдік өмірге қызыққанның айыбы жоқ. Оны білу жеткіншектерге аса қатты әсер етпейді. Бастысы отбасыда тәрбие дұрыс берілуі тиіс. Әр ата-ана мемлекеттік тілге немқұрайлы қарамай, баласына үйретсе, әр ұрпақтың туған елдің дамуына әсер ететінін, маңызын түсіндірсе, оны жадына сақтайды. Сондай-ақ, дұрыс саясат та маңызды. Патриоттық сезімді арттырып, түрлі мүмкіндік беретін елден салиқалы жастар шығады. Тіпті шетелге жастар елінен безіп, оны жақсы көрмегеннен емес, жалақы мөлшері және өмір сүру деңгейіне байланысты кетуге мәжбүр болады ғой”, – деп түсіндірді қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрететін маман.

Сөз соңында ол барша қазақстандықтарды бірлікке, Отансүйгіштікке шақырып, қарапайымынан бастап бай-шонжарын да, биліктегілерді де мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды.

Талқылау