"Қазақтелеком" су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 миллиард теңге аударды
Еліміздің ірі телеком-операторы "Қазақтелеком" су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 миллиард теңге аударды. Одан бөлек, компания табиғат апаты болған аймақтарда үздіксіз байланысты қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Ал қызметкерлері құтқару жұмыстарына атсалысып жатыр.
Қаражат қазір "Самұрық-Қазына" тобы компанияларының қаражатын осы мақсаттарға жинақтайтын Samruk-Kazyna Trust-қа жіберілді.
"Қазақтелеком" АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев компания қызметкерлерінің су басқан аймақ тұрғындарын эвакуациялауға қатысып, техниканың көмегімен су бөгеттерін нығайтуға көмектескенін алға тартты.
"Біз еліміздің түрлі өңірінде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен-ақ отандастарымызға барынша көмек көрсеттік. Әлбетте, компания қызметкерлері өздерінің тікелей кәсіби міндеттерін орындауда, яғни су тасқыны қауіп төндірген өңірлерді үздіксіз байланыспен қамтамасыз етеді. Біз су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға материалдық көмек көрсету мәселесінде де шетте қалмаймыз. Қазіргі уақытта компания өз қаражатынан 1 миллиард теңге бөліп, қаржыны еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аудандарға шұғыл қолдау көрсету үшін ақшаның басын біріктіріп жатқан Samruk-Kazyna Trust қорына аударды", – деді Қуанышбек Есекеев.
Сәуір айында қарғын судан зардап шеккен азаматтарға "Самұрық-Қазына" портфельдік компаниялары арқылы Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы қаражат жинау туралы шешім шыққан еді.
Қор басшысы Нұрлан Жақыпов қазір осы мақсатта 15 миллиард теңге жиналғанын жеткізді. Айтуынша "Самұрық-Қазына" құрамына кіретін портфельдік компаниялар мен еншілес ұйымдар сонымен қатар апатық-құтқару жұмыстарына қатысып жатыр. Олар жергілікті әкімдіктер мен төтенше жағдай департаментімен бірлесіпып, техника ұсынуда, нысандар мен тұрғын үйлердің бүлінген инфрақұрылымын қалпына келтіру қол ұшын созуда.
"Қазіргі жағдайда қызметкерлердің қауіпсіздігі мен жабдықтың тұтастығын қамтамасыз ету портфельдік компаниялардың алдында тұрған басым міндет. Мұндай жағдайда бәріміз бірігіп, төтенше жағдайдың алдын алуға күш салуымыз керек. Осы бағытта алдын алу жұмыстарын жалғастырып, зардап шеккен өндірістік нысандардың жұмысын қалыпты тәртіпке әкелетін іс-шараларды жүргізу қажет", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов.
Зардап шеккендерге "Қазақтелекомнан” басқа Қордың корпоративтік орталығы, "Қазмұнайгаз", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақстан Темір Жолы", "Қазақгаз", Kegoc, "Эйр Астана" авиатасымалдаушысы және "Самұрық-Энерго" компаниялары қаржылай көмек аударған.
Айта кетейік, табиғи апаттың алғашқы күнінен-ақ Қор тобы ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсетуге апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын жұмылдырды.
Ал "Қазақтелекомның" техникалық блогы телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жедел штабтар құрды. Онда табиғат апатымен күрес жүргізетін барлық бөлімшелердің жедел іс-қимылын қамтамасыз ететін байланыс орталықтары ұйымдастырылған.
Бұдан басқа, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде "Қазақтелеком" апаттық-қалпына келтіру байланыс топтарын құрды. Олар су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтарды тез арада жөндеп жатыр. "Қазақтелекомның" байланыс мамандары "Самұрық-Қазына" Қорының басқа да портфельдік компанияларының қызметкерлері сияқты, зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар жөнелтіп, барынша қолдау көрсетуде.