"Қазақтелеком" интернет қызметтеріне жоғары баға белгіледі деген күдікке ілінді
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы кабельді интернет нарығына талдау жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Яндекс Карты
Бәсекелестікті қорғау агенттігі "Қазақтелеком" АҚ пен "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) монополиялық жағдайын айтты.
"Байланыс операторларының интернет қызметтеріне баға динамикасы тексерілді. Талдау нәтижесі бойынша "Қазақтелеком" АҚ іс-әрекетінде тауарларға монополиялық жоғары баға белгілеу анықталды. Осыған байланысты ведомство бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу фактілері бойынша тергеуді бастады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ агенттік уәкілетті мемлекеттік органдарға басқа байланыс операторларының тұрғын үйлерге орнатылуына кедергі жасамау туралы ұсыныс жіберді.
"Агенттік қызмет көрсету кезінде бөгде байланыс операторларының көппәтерлі тұрғын үйлерге кіруін қиындататын, кабельді кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды қиындататын кедергілерді анықтады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда үш ұялы байланыс операторы тексеріліп жатқаны туралы жазған едік.