"Қазақтелеком" Amazon Kuiper-дің ҚР-дағы коммерциялық дистрибьюторы атанды
Фото: Ақорда
"Қазақтелеком" Amazon Kuiper-дің Қазақстандағы коммерциялық дистрибьюторы болды. Мұндай стратегиялық келісімге бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына сапары аясында Ұлттық телекоммуникация операторының басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Project Kuiper-дегі Worldwide Consumer бағытының басшысы Лиза Скалпон қол қойды.
Келісім "Қазақтелекомға" еліміздің тіпті ең шалғай орналасқан және баруы қиын өңірлерінде жоғары жылдамдықты интернетпен қатар, төмен орбиталық жерсеріктер технологиясы (LEO) негізінде жерсеріктік интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында компания жаһандық желілермен бірігу арқылы елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытып, Қазақстанның түкпір-түкпірін заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қоса отырып, цифрлық алшақтықты қысқартуда.
Фото: Ақорда
Amazon өзінің жерсеріктік тобын пайдалануға мүмкіндік берумен қатар, Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында жерүсті инфрақұрылымын салуға инвестиция құяды, сондай-ақ Қазақстанда болу нүктесін жасайды. Бұл әлемдік технологиялық алпауыттан Қазақстанға бағытталған мұндай көлемдегі алғашқы инвестиция.
"Қазір Amazon Kuiper өзінің жерсеріктік желісін құрып жатқаны белгілі, ол төмен жер орбитасындағы жерсеріктер арқылы жоғары жылдамдықты интернет береді және жаһандық қамтуды қамтамасыз ету үшін орбитаға 3200-ден астам жерсерігін шығаруды жоспарлап отыр. Біздің Amazon Kuiper-мен бүгінгі келісіміміз Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға жетелейтін тағы бір қадам болмақ. Жерсеріктік жоғары жылдамдықты интернет Қазақстанның барлық аумағын қамтып, ауылдар, өнеркәсіптік аймақтар, көлік магистральдары мен әлеуметтік нысандарда қолжетімді болады", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Фото: Ақорда
Бұдан басқа, құжат шарттары бойынша "Қазақтелеком" Kuiper қызметтерін бөлшек, корпоративтік, сондай-ақ ішінара B2G сегментінде коммерциялық дистрибуциялау құқығына ие болады.
Amazon Kuiper компаниясы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен және тығыз ынтымақтастықта байланыс қызметін көрсету ережелеріне толық сәйкестікті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" АҚ Amazon компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, ұлттық қор топтары үшін компанияның технологиялық мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Фото: “Қазақтелеком” баспасөз қызметі
"Project Kuiper бүкіл әлемдегі клиенттер мен қауымдастықтарға шапшаң және сенімді интернет беру үшін жасалған. Біз қызмет көрсету аумағын одан әрі кеңейту үшін "Қазақтелеком" сияқты өңірлік әріптестермен ынтымақтастықты мақтан тұтамыз. Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласындағы стратегиясына қолдау көрсетіп, технологияларды енгізуге және елдің экономикалық өсіміне жәрдемдесуге асықпыз", - деді Лиза Скалпон, Worldwide Consumer компаниясының Project Kuiper бағытының басшысы.
Kuiper жобасы ғарышта желілік құрылымды құратын жоғары жылдамдықты оптикалық арналармен және жердегі антенналар, талшықты-оптикалық желі мен интернет түйіндерінің ғаламдық желісімен байланысқан төмен жер орбитасындағы жерсеріктері тобына негізделген. Бүгінде Project Kuiper 100-ден астам жерсерігін шығарды және алғашқы қызметтерді іске қосу қарсаңында оларды өндіру, өңдеу және ұшыру қарқынын арттыруда.
Фото: Ақорда

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
