Қазақстанның алғашқы премьері Ұзақбай Қараманов дүниеден өтті
Қазақстан Республикасының алғашқы премьер-министрі, қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов дүниеден өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұзақбай Қарамановтың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жеделхатта Қазақстан президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті. Айта кетейік, Ұзақбай Қараманов 1990-1992 жылдары Қазақ КСР премьер-министрі болған. 1991 жылдың қазан айынан 1995 жылға дейін ҚР мемлекеттік кеңесшісі болып қызмет атқарған. 1999 жылдың қазан айынан ҚР парламенті мәжілісі 2-шақырылымының депутаты, ал 2004 жылдың қазан айынан 2007 жылға дейін ҚР парламенті мәжілісі 3-шақырылымының депутаты болды.
Марқұммен қоштасу ертең, 27 қыркүйек күні 10:00-де Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өтеді.
Оқи отырыңыз:
Алматы облысында бастауыш сынып ұстазы асылған күйінде табылды
“Абу-Даби Плаза” құрылысы басында мұнаралы кранның қауғасы сынып кетті
Қостанайда көшеде тыржаңалаш жүрген бойжеткен іздестіріліп жатыр