Қазақстанның төрт өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды

Қазақстанның төрт облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың кейбір учаскелерінде барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"2026 жылғы 15 ақпанда сағат 10:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар келесі автожол учаскелерінде барлық автокөлік түрінің қозғалысына шектеу енгізілді", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ҰК".
Қызылорда облысында "Ресей Федерациясының шекарасы – Мартөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Қытай халық республикасының шекарасы" автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Арал қаласына дейінгі бөлігі (1240-1362 шақырым) жабылды.
Ақтөбе облысында осы бағыттағы жолда Ырғыз кентінен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі учаскеде (1153-1240 шақырым) қозғалысқа шектеу қойылды.
Трассаны ашудың болжамды уақыты – 15 ақпан, сағат 20:00. Алматы облысында сағат 10:30-дан бастап аталған автожолдың Жаңақұрылыс ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі бөлігі (59-143 шақырым) жабылды.
Жамбыл облысында шектеу осы жолдың Алматы облысы шекарасынан Қордай ауылына дейінгі учаскесінде (143-214 шақырым), сондай-ақ "Қордай асуының жаңа айналма жолы" бағытында Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейінгі аралықта (159-238 шақырым) енгізілді. Қозғалысты ашудың алдын ала уақыты – 15 ақпан, сағат 13:00.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық полицей боранда қалған жүргізушілерге жол көрсету үшін 3 шақырым жерге жүгіріп барғанын жазған едік. “ҚазАвтоЖол” ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше аймақта көлік қозғалысына шектеу енгізілгенін мәлімдеген еді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты