Қазақстанның оңтүстігінен теріскейге қоныс аударған отандастар кері қайтып жатыр
Мемлекеттік бағдарламамен оңтүстіктен теріскейге көшіп барған қазақстандықтар назардан тыс қалғанын айтып, наразылығын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Советское ауылында оңтүстіктен көшіп келген отбасылар жұмыс пен қазақ мектептерінің жоқтығы мен сапасыз үйлер берілгенін айтып қапалы. Бес жыл бұрын тұрғызылған баспаналар қазір иесіз қаңырап бос тұр.
Жамбыл облысынан қоныс аударған Альфия Зеңгірованың айтуынша, солтүстікте күнкөріс оңай емес. Ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген күйеуі қазір нәпақасын алыс ауданға барып тауып жүр. Ал, берілген үйдің сапасы сын көтермейді дейді.
“Жасыратыны жоқ, үйлер асығыс салынған. Салдарынан қыста суық. Бөлмелер азынап тұрады. Мұндай баспанада кім тұрғысы келеді. Менімен қатар келгендердің барлығы көшіп кетті. Санаулы үй қалдық”, – дейді тұрғын.
Қазір тоз-тозы шыққан үйдің біреуін салуға бір кездері бюджеттен 7 миллион теңге бөлінген.
“Біздің ауылда 10 отбасыға арнап үй салынған. Бірақ жетеуі бос тұр. Мұндай жағдай көп ауылдарда кездеседі. Осыдан-ақ оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы дұрыс жұмыс істемейтінін аңғаруға болады”, – дейді Советское ауылының тұрғыны Максим Никитов.
Ал шенеуніктердің айтуынша, шаруашылықтағы маусымдық жұмыстар көшіп келген азаматтардың көңілінен шықпаған. Сондай-ақ жақын жерде бірде бір қазақ мектебі болмағандықтан көбі туған өңіріне қайта оралуға мәжбүр болды дейді.
“Көбін жергілікті шаруашылыққа жұмысқа тұрғыздық. Бірақ біріне жалақысы ұнамады. Біріне жұмыс ұнамады. Сөйтіп екі апта, әрі кетсе бір ай істеп шығып кетті. Балаларды жергілікті мектепке орналастырдық. Бірақ қазақ сыныптары болмаған соң оқушылар қиналып, оқи алмады”, – дейді Алтын дән ауылдық округінің әкімі Валерий Форш.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сегіз жыл бұрын басталған мемлекеттік бағдарламаға нақты қанша қаражат кеткенін нақты айтпады. Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдан бері 17 мың адам солтүстікке қоныс аударса, оның тек 15%-ы кері қайтқан. Көбі денсаулығы мен отбасылық жағдайына байланысты, әрі ауа райына бейімделе алмай кеткен.