Қазақстанның Еңбек Ері президент жолдауын “жаңа мүмкіндіктер кезеңі" деп бағалады
Қазақстанның Еңбек Ері, кенші-ұңғылаушы Тұрсынбек Макишев президент жолдауын “жаңа мүмкіндіктер кезеңі” деп атады.
“Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын тарихи құжат. Әрбір жолы елдің ілгері дамуы үшін жасалған нақты қадамдарды айқындап берді. Мен өндірістің ортасында, кенші ретінде еңбек етіп келе жатқан адаммын. Сондықтан Жолдауда айтылған бастамаларды өмірдің шынайы талабынан туған игілікті шешімдер деп қабылдадым. Өндірісте ең үлкен түйткілдердің бірі – тасымал мен логистика. Жүк жеткізудегі кідіріс, қағазбастылық, қосымша шығын өндіріс қарқынына да, жұмысшының еңбекақысына да әсер етеді. Сол себепті Президенттің бірыңғай Смарт-карго цифрлық жүйесін енгізу туралы тапсырмасы – нақты өндіріс адамы күткен шешім. Бұл қадам кедергілерді азайтып, өнімнің уақытылы әрі сапалы жеткізілуіне жол ашады”, – делінген Тұрсынбек Макишевтің жазбасында.
Еңбек ері АЭС салу мәселесіне қатысты да пікірін білдірді.
“АЭС салу мәселесі кейде қоғамда түрлі пікір туғызады. Бірақ өндірістің ішінде жүрген біз жақсы білеміз: энергия – өнеркәсіптің қаны. Оның жеткілікті әрі тұрақты болуы – жаңа зауыт-фабрикалардың, жұмыс орындарының ашылуы. Сондықтан Жолдаудағы атом энергетикасын дамыту бастамасы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, экономикалық қуатымызды еселейтіні анық.
Бүгінде технологиясыз бірде-бір өндірістік процесс жүзеге аспайды. Президент атап өткен Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігінің құрылуы – жаңа заманға лайық шешім. Бұл сала еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, заманауи құралдарды енгізуге, жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жол ашады. "Үш жылда Қазақстан цифрлық елге айналады" деген үндеу – бізге, еңбеккерлерге, үлкен сенім жүктейді”, – дейді кенші.
Тұрсынбек Макишев жолдаудың қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталғанына назар аударды.
“Жолдау тек цифрландыру мен инфрақұрылымға емес, ең алдымен қарапайым халықтың тұрмысына, елдің әлеуметтік тынысына бағытталғанын аңғардым. Инвестиция, жаңа жұмыс орындары, ауыл шаруашылығындағы жерді игеру, жастарға мүмкіндік беру – бәрі де елдің игілігі үшін жасалған қадамдар. Мен үшін еңбек қауіпсіздігі, сапалы жұмыс, адал маңдай тер қашан да басты орында. Президент көтерген бастамалар осы құндылықтарды сақтай отырып, қоғамның өркендеуіне, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын қуана қабылдаймын. Қазақ "Еңбегі бардың өнбегі бар" дейді. Еңбек адамының маңдай терін құрметтеген елдің болашағы жарқын. Біздің ендігі міндетіміз – ортақ мақсатқа жұмылып, Президент жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруға үлес қосу.
Менің жүрегімде әрқашан еңбек рухы, елге адал қызмет ету мұраты бар. Бүгінгі Жолдау – сол рухты жаңғыртып, болашаққа сенім ұялатты. Енді бізге тек бірлік пен табандылық керек", – делінген жазбада.

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?
