Қазақстанның екі компаниясы Еуроодақтың санкциясына ілікті: Компаниялар жайлы не белгілі
24 ақпанда Украинадағы соғыстың басталғанына үш жыл болуына орай Еуроодақ 16-санкциялар пакетін әзірледі. Тізімде Kazstanex және Metallstan деген екі қазақстандық компания бар. Stan.kz тілшісі екі компания туралы ақпарат жинап, олар туралы не белгілі екенін сараптады.
Фото: Pixabay.com
Еуропалық Одақ Кремльдің Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге экономикалық соққы жасауы үшін санкциялардың 16-пакетін мақұлдады. Шектеулер банк секторына, көлеңкелі флотқа, қорғаныс секторына және энергетика секторына әсер етті.
Онда 48 жеке тұлға мен 35 компания бар. Енді олардың активтері тоқтатылып, оларды қаражатпен және экономикалық ресурстармен қамтамасыз етуге тыйым салынады.
Жаңа тізімге Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдайтын, санкцияларды айналып өтіп, ресейлік крипто-актив биржаларында және теңіз секторында жұмыс істейтін жеке тұлғалар мен ұйымдар кіреді.
Еуроодақ кеңесі Ресейдің Украинаға қарсы соғысында “әскери-өнеркәсіптік кешенін тікелей қолдайтындар" тізіміне 53 жаңа ұйымды қосты. Енді олар қатаң экспорттық шектеулерге тап болады.
"Олардың үштен бірі – ресейліктер, қалғандары Қытай, Гонконг, Қазақстан, Үндістан, Түркия, БАӘ, Сингапур және Өзбекстан компаниялары. Олар сауда санкцияларын айналып өтуге көмектесті және ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарға арналған компоненттерді сатып алды", – делінген хабарламада.
Қазақстаннан Kazstanex және Metallstan деген компаниялар санкция шабуылына ұшыраған.
АҚШ-тың да, Еуропаның да санкциясына іліккен Kazstanex
Kazstanex компаниясы бұған дейін АҚШ санкцияларына ұшырады. Ол кезде Ресейге заманауи станоктарды жеткізу схемасына қатысты деп есептелді.
Фото: Яндекс Карта
Kazstanex 2011 жылы құрылған, Алматыда орналасқан. Кең ассортименттегі тауарлардың көтерме саудасымен айналысады екен. 2015 жылдан бері 1,1 миллиард теңге салық төлеген.
2017 жылы Kazstanex компаниясы моншақ тігу машинасын жеткізу кезінде мемлекеттік сатып алуға қатысып, оны жосықсыз жеткізуші деп таныған. 2022 жылы да жосықсыз қатысушы деп танылып, 497 мың теңге айыппұл салынды.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетіндегі мәліметтерге сәйкес, Kazstanex-тің салық берешегі жоқ.
Kazstanex серіктестері қатарына "ҚазМұнайГаз" және ресейлік "Лукойл", "Хундай Транс Авто", "Қазақмыс", "Қазақстан теміржолы", "Самұрық-Қазына" және KAZ Minerals мұнай компаниялары кіреді.
Бұл компанияның директоры – Василий Абрамов. Оның атына Kazstanex атауымен екі жеке кәсіпкерлік тіркелген. Сондай-ақ ол Өзбекстанның Uzstanex компаниясының 100% иесі. Бұл компания да санкция тізіміне енген. Компания 2018 жылдың шілде айында Ташкентте тіркелген. Компанияның жарғылық капиталы – 65 миллион өзбек сумы (2,5 миллион теңге).
Uzstanex компаниясының сайтында компания Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанға станоктар сатумен айналысатын StanexGroup холдингінің құрамына кіретіні жазылған.
АҚШ қаржы министрлігі Kazstanex және Uzstanex Еуропадан станоктарды жөнелтеді дейді. Содан кейін олар Ресейге жеткізу үшін қытайлық Shanghai Winsun компаниясына жіберіледі.
Ұлыбритания Қазақстанның бірнеше компаниясына санкция салды
MetallStan туралы не белгілі
MetallStan – STANEX group LLP ретінде де белгілі компания. Ол бұрын Ұлыбританияның санкцияларына ұшыраған.
MetallStan тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудамен сатады. Бірақ тауарлар қандай да бір салаға маманданбаған. Компания мемлекеттік сатып алуға қатысады. Ол мемлекеттік ұйымдарға станок пен жабдықтар жеткізеді. Осылайша оның 87 миллион теңгенің жеті мемлекеттік келісімшартына қол қойғаны анықталды.
MetallStan-ның алғашқы негізін қалаушы және директоры Сергей Пермикин болған. Компания Алматыда орналасқан. 2012 жылы құрылғаннан бері 32 млн теңге салық төледі. 2022 жылы 6,24 млн теңге, 2023 жылы 9,2 млн теңге, 2024 жылы 6,4 млн теңге төлеп, жоғары көрсеткіш көрсетіпті. Ал 2025 жылдың екі айында кәсіпорын 3,4 миллион теңге салық төлеп үлгерген.
Еске салсақ, бұған дейін Жапония қазақстандық компанияға қарсы санкция енгізген еді.