Қазақстанның диджей мәдениеті: Цифрлық дәуірдегі жаңа толқын қалай дамып жатыр
Қазақстандағы диджей мәдениеті соңғы жылдары жаңа кезеңге қадам басты. Бұрын диджейлер клуб сахнасында тек танымал шетелдік тректерді араластырып, танцполды қыздырушы рөлін атқарса, қазір олар музыка жасаушы, тренд қалыптастырушы, аудиториямен тікелей байланыс орнататын орындаушыға айналды.
Осы өзгерістердің барлығы 22 ақпанда Алматыда өткен Red Bull Turn It Up диджейлік баттлында айқын көрінді. Бұл – жәй ғана жарыс емес, музыканың қалай дамып жатқанын, аудиторияның нені тыңдайтынын және бүгінгі диджейлердің қандай рөл атқаратынын көрсеткен маңызды оқиға болды.
Баттлдың басты ерекшелігі – мұнда ешқандай қазылар алқасы болған жоқ. Жеңімпаздарды көрермендердің өздері арнайы интерактивті браслеттер арқылы дауыс беріп таңдады. Яғни, диджейлер классикалық ережелерге сүйеніп жарыспады. Олар тікелей аудиторияның реакциясына тәуелді болды.
Баттл қалай өтті және кім жеңді?
Red Bull Turn It Up төрт кезеңнен тұрды. Әр раунд жаңа тақырыппен өтті. Ал қатысушылар алдын ала қандай бағытта өнер көрсететіндерін білмеді.
Жартылай финалда Shegi & Maxodeum vs. Na3 & Sagintaev және QRBoy & Nurboogie vs. Aspirin & SleepyTalk жұптары сайысқа түсті. Тақырыптар арасында TikTok-та танымал тректер, геймерлік саундтректер, мем-музыка және афро-ритмдер болды.
Финалда QRBoy & Nurboogie мен Shegi & Maxodeum соңғы дуэльге шықты. Диджейлер Kazakh Groove Expedition, 50 Cent, Sound Meme Showdown және Freestyle бағыттарында жарысты. Ақырында, QRBoy & Nurboogie жеңіске жетіп, баттлдың алғашқы чемпиондары атанды.
QRBoy:
"Мұнда дайындалып келген сетіңді ойнай алмайсың. Сен тек көрерменнің көңіл-күйін сезініп, соған жауап беруің керек. Біз өзімізді дәл осы жерде көрсетіп, жеңіске лайық екенімізді дәлелдедік."
Nurboogie:
"Баттл атмосферасы керемет болды. Біз ең бастысы – аудиториямен байланыс орнатып, оларды энергиямен зарядтауға тырыстық. Бұл біз үшін тек бастамасы."
TikTok жаңа музыканың продюсеріне айналды ма?
Бүгінгі күні музыкалық трендтерді анықтайтын басты күш – TikTok. Бұрын хиттерді радиостанциялар немесе музыкалық лейблдер жасайтын болса, қазір кез келген трек әлеуметтік желідегі тренд арқылы танымал бола алады.
Red Bull Turn It Up-тың TikTok Viral Vibes кезеңінде бұл айқын байқалды. Диджейлер интернетте кең таралған әндерді алып, оларды мүлде жаңа тәсілде орындады. Аудиторияның реакциясы көрсеткендей, жұрт тек таныс әуендерді ғана емес, олардың қалай өңделгенін, қандай жаңа реңк қосылғанын бағалады.
Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде байқалып жатқан құбылыс. Мысалы, Fleetwood Mac-тың 1977 жылғы "Dreams" трегі TikTok-тағы бір бейнеден кейін қайта танымал болып, Billboard чарттарына қайта енді. Қазақстанда да дәл осындай құбылыстар орын алуда – ескі хиттер жаңа өңдеуде қайта жаңғырып, танымалдылыққа ие болуда.
“Ойын музыкасын геймерлер ғана тыңдайды деген миф...”
Бұрын видео ойындардың саундтректері тек ойыншыларға ғана қызықты деп саналған. Бірақ бүгінде ойын музыкасы толыққанды музыкалық жанрға айналып, диджей сеттеріне енуде.
Red Bull Turn It Up-тың OST Video Games кезеңінде диджейлер атақты ойындардың саундтректерін ремикстеу арқылы оларды нағыз клубтық трекке айналдырды. Бір қызығы, ойын саундтректері тек геймерлерге ғана емес, жалпы аудиторияға да жақын болып шықты.
Бұл құбылыс әлемдік деңгейде де көрініс табуда. Spotify және Apple Music-тің статистикасы бойынша, геймерлік саундтректерді күнделікті тыңдайтындардың 40%-ы оларды ойыннан тыс уақытта қосады. Бұл дегеніміз, ойын музыкасы енді тек фондық әуен емес, заманауи музыканың ажырамас бөлігі.
Мем-мәдениет пен музыка: Жаңа трендтің қалыптасуы
Интернет мемдері бұрын тек визуалды контент ретінде қарастырылатын. Бірақ қазір олар музыканың жаңа формасына айналып отыр.
Red Bull Turn It Up-тың Sound Meme Showdown кезеңінде диджейлер вирусқа айналған дыбыстарды, танымал аудио клиптерді және интернет-мемдерді алып, оларды би алаңына арналған тректерге айналдырды. Бұл тыңдармандар үшін әдеттегі әндерді тыңдаудан мүлде басқа тәжірибе болды.
Мұндай эксперименттер тек әзіл үшін ғана жасалып отырған жоқ. Бүгінде музыка тыңдарман үшін тек ритм емес, контексті бар мәдени тәжірибе. Осылайша, интернеттегі виралды трендтер музыкалық индустрияға жаңа элементтер қосып, оның дамуын өзгертуде.
Ұлттық музыка және оның жаңа толқыны
Red Bull Turn It Up финалында Kazakh Groove Expedition кезеңінде диджейлер қазақтың дәстүрлі әуендерін қазіргі электронды музыкамен үйлестіріп, ұлттық музыканы жаңа форматта таныстырды. Аудиторияның реакциясы бұл бағытқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті – залдағы адамдар тек би билеп қана қоймай, қазақ әуенінің заманауи өңдеуде қалай жаңғырып жатқанын сезінді.
Бұл – диджей мәдениетінің жаңа кезеңі
Red Bull Turn It Up Қазақстандағы диджей мәдениетінің жаңа кезеңге қадам басқанын айқын көрсетті. Бұл енді тек клубтық кештер ғана емес, мәдениет, технология және тыңдарманмен интерактивті байланыстың күрделі жүйесіне айналды.
Жаңа толқынның негізгі сұрағы – "Танцполды тағы не бағындырады?". Бірақ бір нәрсе анық: Қазақстанның диджей мәдениеті әлемдік трендтермен қатар дамып қана қоймай, өзіндік айрықша үнін де табуда.
Red Bull Turn It Up турының келесі кезеңдері бұл процесті қалай жалғастыратынын анықтайды.