14 жол учаскесі жабық: Қазақстанның бес облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
31 наурызда Қазақстанның бес облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.
31 наурызда Ақтөбе облысының шығысында тұман күтіледі. Оңтүстік, оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында жел екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
Оралда 31 наурызда түнде және таңертең тұман күтіледі. Нұр-Сұлтанда көктайғақ күтілуде. Таңертең тұманды болады. Түнде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
31 наурызда Қостанай облысының солтүстігінде бұрқасын болып, көктайғақ болады. Батыста, облыс орталығында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың басым бөлігінде, күндіз солтүстікте, облыстың шығысында жел екпіні 15-20 м/ске жетеді.
Қостанайда оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысында, батысында тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с, түнде солтүстікте, облыстың шығысында кей жерлерде 23 м/с-ке жетеді.
Көкшетауда оңтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады, түнде екпіні 23 м/с-ке жетеді.
31 наурыз – 2 сәуірде түнде және таңертең Жамбыл облысының оңтүстігінде, солтүстік-шығысында, таулы аймақтарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аймақтарда 15-20 м/с жылдамдықта жел соғады. 31 наурызда кей жерлерде 23 м/с-ке жетеді. Таразда 31 наурыз, 2 сәуір күні түнде және таңертең тұман күтіледі.
Еске салайық, Қазақстанның үш облысында 14 жол учаскесі жабық күйінде қалды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
