Қазақстанның Атомдық қадағалау комитетіне жаңа басшы келді
Фото: Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі
1 тамыз күні Дархан Алияқпаров Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне қарасты Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төрағалыққа жаңа басшы келгенін Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.
Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін Дархан Алияқпаров 2020 жылдан бері Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.
Ол еңбек жолын 2008 жылы “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС-нің Жезқазған жылу электр орталығында бастап, машинист-бақылаушыдан станция ауысымының бастығына дейінгі қызметтерді атқарған.
2014 жылдан бастап атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау жүйесінде жұмыс істеп келеді. Астана қаласы әкімдігінің және Энергетика министрлігінің құрылымдарында түрлі лауазымдарда қызмет етті.
2025 жылғы наурызда Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды. Оның басшысы болып бұрынғы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. Агенттікке уран өндіру және атом энергиясын пайдалану саласындағы Энергетика министрлігінің функциялары берілді.
Алмасадам Сәтқалиевтің екі орынбасары бар. Әсет Махамбетов – “Қазатомөнеркәсіптен” келген, ол жерде басқарушы директор болған. Тимур Жантикин бұған дейін “Қазақстандық атом электр станциялары” АҚ-ның бас директоры қызметін атқарған.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
