"Қазақстаннан басқа еш жерде балалар үш тілді меңгермейді": Cенатор еліміздегі тілдерді оқыту жүйесін оңтайландыруды ұсынды
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы еліміздегі тілдерді оқыту жүйесіне наразылығын білдіріп, оны оңтайландыруды ұсынды. Айтуынша, Қазақстаннан басқа әлемнің ешбір елінде бала кезінен үш тіл оқытылмайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар ол премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында білім және ғылым министрлігіне міндеттелетін үлкен жүктеме туралы пікірін айтып, ведомствоның басқару жүйесін оңтайландыруды сұрады.
Оның айтуынша әлемдегі ең мықты 30 елдерінің өзінде бірінші сыныптан бастап екі тіл қатарынан тек екі штатта оқытылады. Бұл көрсеткіш екінші сыныптан бастап бес елде бола, төртінші сыныптан бастап бар болғаны 12 мемлекетте тіркелген. Бірақ үш тіл Қазақстаннан басқа әлемнің ешбір мемлекетінде мүлде оқытылмайды. Сондықтан да сенатор шет тілін білу сауаттылықтың басты көрсеткіші емес, әлемдік ғылымның биік шыңдарын игеруге қажетті құрал ғана екенін жеткізді.
"Нағыз сауаттылық өмірді тану, таңдаған мамандығын терең меңгеру, өмірлік қажеттіліктерге жауап бере алатын дағдылар мен қасиеттерді қалыптастыру. Сондықтан да президент Тоқаев ата-ананың өтініші бойынша шет тілін бесінші сыныптан бастаған жөн және тиімді деген пікір білдірді", – деп баса айтты депутат.
Сонымен қатар ол екі жүзден астам қызмет түрін ұсынатын білім және ғылым министрлігінің қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүктемесінің жоғарылығына алаңдайды. Атап айтқанда басқарма 10300 балабақшаның, 7500 орта мектептің, 820 колледждің, 120 жоғары оқу орнының жұмысын бақылайды.
“Бұл министрлікке өте үлкен жүк. Сондықтан АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Ресей сынды елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастыруды жөн деп санаймыз", – деді Бақтиярұлы.
Ол сондай-ақ Қазақстанның білім беру стандарттарын жиі өзгертетінін айтты. Мәселен соңғы бес жылда "Білім туралы" заңға 29 өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, білім беру стандарты 2000-2017 жылдар аралығында 7 рет өзгерген. Оқулықтардың мазмұны әр өзгеріс сайын жаңарып отырды. Ал дамыған елдерде мысалы Жапонияда мемлекеттік стандарт бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы өзгертілген.
Сондай-ақ ол Қазақстаның жалпы білім беретін мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын әзірлеуге асыққанын атап өтті.