Қазақстандық әже қыздарға 20 жасқа дейін босанып алуға кеңес берді
Қазақстандық әже Күлжаһан Қаңтарбаева қыздарға ерте босанып алуға кеңес берді. Өзі 16 жасында тұрмысқа шығып, 17 жасында ана атанған екен.
Бұл туралы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтылды.
Күлжаһан Қаңтарбаева 16 жасында тұрмысқа шыққан. Өзінен 10 жас үлкен жігіт алып қашып, артынша бір жыл бойы соттасқан. Ақыры татуласып, отбасын құру туралы шешім қабылдаған. Бүгінде жұбайлардың 12 баласы бар. Қазақстандық әже, осы орайда, қазақ қыздарына өзі секілді ерте босанып алуға кеңес берді.
«Мен он алты жасымда тұрмысқа шығып, 17 жасымда бірінші баламды босандым. Ол уақытта қыздарды жігіттер алып қашатын. Мені құдай жарылқап, ешнәрседен кенде болған жоқпын. 12 бала босандым, бірақ ешуақытта қиналған емеспін. Өйткені, менің ағзам дәл солай қалыптасты. Ал балаларымның денсаулықтары жақсы. Әр нәрсенің өз уақытында болғаны дұрыс. Қазіргі қыздар 30-40 жасында бір рет босанып, ары қарай бала тумай қояды. Себебі, ол бұл жаста босанудың қаншалықты қиын екенін басынан өткерді. Ол ендігі жағдайының бұдан бетер қиындайтынын біледі де, ары қарай босанбайды.
Қазір тұңғышым елуден асып кетті. Әрине, сәл ертеректеу босандым деп ойланған сәттерім болды. Ол үйге келген соң, босанбаймын деп отырып алмаймын ғой. Өзім бір үйдің жалғыз қызы болдым. Біз шаңырақ көтергенде жолдасым 27 жаста, мен 17 жаста болдым. Меніңше, жастар 20 жастан ерте босанулары керек. Мен өзім бала болсам да, балалы үйден шықтым. Басыма түскен істі қиын болса да, жеңіл болса да, барлығын өзім көтере білдім. Босанғаннан кейін ата-енем қасымда болды. Бір апта сәбиімнің жанында болып, артынша бұрынғы шаруыма кірісіп кеттім. Қазіргі 16 жастағы қыздардың санасы отбасын құруға дайын емес.
Ол қызығушылықпен ұрынып жүкті болуы мүмкін. Ал бала оған үйленбеген жағдайда жауапқа тартылады. Мені алып қашқан кезде әкем де күйеуімді сотқа берді. Бірақ артынша барлығы реттелді. Қазір отбасында рухани тәрбие жоқ. Бала үйде не көрсе соны істейді. Әдетте ұстазды кінәлап жатады. Қызды анасы, ұлды әкесі тәрбиелеуі тиіс. Бұрын бала тілді алмаса, әке быт-шытын шығарып қамшымен ұратын. Қызды да ұратын. Сол кезде ғана ол қателікке бой алдырмайды. Қазір балалар тәрбиеге бағынбай кетті. Ғаламторға үйреніп алып, шетелге еліктеп жатыр. Әйтпесе, кім баласына ерте үйленіп, ерте бала тап деп кеңес береді», – дейді Күлжаһан Қаңтарбаева.
Ал Акушер-гинеколог Жұпар Наханова қыз-клеіншектерге 18 жастан бастап ана атануа болатындығын айтып жатыр. Яғни осы жаста әйел затының гормондары ретке келіп, ағзасы ана атануға дайын болады екен.
«Қыз баласы 18 жастан кейін ана атанғаны дұрыс. Өйткені осы жастан кейін оның гормональдық фоны қалыптаса бастайды. Моральдық және психологиялық түрде оның ағзасы бала көтеруге дайын болады. Әрине, ертеректе әжелеріміз 14-15 жасында босанған. Бірақ ол заман мен біздің заманды салыстыруға болмайды. Біздің ата-әжелеріміз бізге қарағанда әлдеқайда мықты. Тіпті, сол кездегі балалардың денесі ірі болған. Қазіргі жастарымыздың денелері майда, ақыл-ойлары да керемет жетісіп тұрған жоқ. Ал отыз жаста ана атану – тым кеш», – дейді маман.
Жіберіп алмаңыз:
Алматыда жас ана өзінің сәбиін 2 мың долларға сатып жіберді
Мәжіліс депутат бэби-бокс орнату мәселесін тағы көтерді
Шымкентте қошқар көтеруден жарыс өтті
Ақтөбеде жетім баланы “қашсаң өлтіремін” деп қорлап мал бақтырған