Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық танымал қайырымдылық қорларының қаржы есебі қандай және оларды кім басқарады

Қараша айы басталғалы Қазақстандағы қайырымдылық қорларына қатысты дау толастар емес. Әуелі көпшілік "Асар-Уме" қайырымдылық қорының жұмысына шағымданып, милллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтірді. Ал 14 қарашада еліміздегі "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Осы орайда Stan.kz тілшісі қазақстандықтарға таныс қайырымдылық қорларының қаржы есебіне шолу жасады.

Фото: Видеодан скрин

"Харекет" қайырымдылық қоры

Әуелі көпшілікке баспана сыйлап, оларды қуантып жүрген "Харекет" қайырымдылық қорына тоқталсақ. Қорды 2017 жылы Гүлмира Мұханқызы құрған. "Харекет" "егер 1000 адам 1000 теңгеден жинаса, бір мұқтаж отбасы үшін кем дегенде бір үй сатып алуға болады" деген оймен құрылған екен.



Қазір қор жұмысын Айдана Қалдыбекқызы жүргізіп отыр. Қор құрылтайшыларының қатарында "Өнер қырандары" театрының негізін қалаушы Мадияр Серікбаев бар. 

Фото: Құжаттан скрин

Қордың салық шегерімінің жалпы сомасы: 135 миллион 249 мың 530 теңге.

Қайырымдылық қоры:

  • 2018 жылы 615 мың 285 теңге;
  • 2019 жылы 3 миллион 510 мың 976 теңге; 
  • 2020 жылы 12 миллион 314 мың 124 теңге; 
  • 2021 жылы 18 миллион 307 мың 219 теңге;
  • 2022 жылы 30 миллион 230 мың 035 теңге;
  • 2023 жылы 32 миллион 493 мың 618 теңге;
  • 2024 жылы 37 миллион 778 мың 271 теңге салық төлеген.

Фото: Құжаттан скрин

Бұрынғы омбудсмен Аружан Саин басқаратын “Милосердие” ерікті қоғамы

Ерікті қоғам 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Қордың негізгі жұмысы – емделмейтін дертке шалдыққан балаларды емдеу. Қорда 15 адам жұмыс істейді. 

2014 жылдан бастап төлеген салық көлемі: 102 миллион теңгеден асады. 

Фото: Құжаттан скрин

Қор сайтында 2024 жылға дейінгі мерзімде көрсетілген қызмет көлемі жазылған. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы: 5 миллиард 556 миллион 646 мың 878 теңге. Ал 2023 жылы жоба бойынша 597 миллион 616 мың 315 теңге төленген. 

Фото: Сайттан скрин

Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры "Samruk-Kazyna Trust" бас серіктесінің қаражатымен, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар арқылы қаржыландырылады.

Құрылтайшылары Аружан Саин мен Галина Кветкина. 

Кветкина қоғамдық қорда әлеуметтік жобалардың менеджері қызметін атқарады. Ал Аружан Саин қордың ресми түрде басқарушысы. Сонымен қатар Саин "Аружан & Компания" продюсерлік орталығының тең иесі. Кәсіпорын 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кейінгі он жылда 148,4 миллион теңге салық төлеген. Ол төрт жыл бойы – 2019 жылдан 2023 жылға дейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған. 

Өткен жылдың есебі бойынша қордың жылдық бюджеті 758,4 миллион теңге. Қайырымдылық қор кірісінің шамамен 70%-ын құрайды. Қалғанын ұйымға Samruk-Kazyna Trust бөледі.

"Асар-Уме" мәдени-ағарту қоры

Қайырымдылық қоры 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Мақсаты – қиын өмірлік жағдайдағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету. Оларды баспанамен қамтамасыз етіп, білім алуына және кәсіп бастап, жұмысқа орналасуына көмектеседі.

Қордың жалпы салық көлемі 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін 49 миллион теңгеден асады. Қордың негізгі құрылтайшылары, Әзімжан Алаев пен Ғалиолла Мұхтарқанов.

Фото: Құжаттан скрин

52 жастағы Алаев салық шегерімдері бойынша екі табысты компанияның иесі. Солардың бірі "Salem Metal" ЖШС металл құрылыс конструкцияларының көтерме саудасымен айналысады (2022 жылдан бастап салық 401 миллион теңге). Екінші компания "Метсталь" ЖШС дайын металл өнімдерін шығарады (2015 жылдан бері салық көлемі 8 миллиард теңгеге жуық). Adata.kz мәліметінше, ер адам 2022-2023 жылдары Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісінде жәбірленуші ретінде шыққан.

70 жастағы Мұқтарханов біраз уақыт жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысқан. Қазір әрекетсіз тұрған компанияның тең құрылтайшысы болды.

Қазір қорды 38 жастағы Асхат Нұрмашев басқарады. Ол 2011-2022 жылдар аралығында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тоқыма бұйымдарын өңдеумен және басқа да жеке қызметтерді көрсетумен айналысқан.

Қоғамдық есеп Асар-Уменің ресми веб-сайтында бар. Онда қордың 2020 және 2021 жылдарға арналған қаржы есебі ғана бар. Сонымен қатар ұйым қызметкерлері аудиторлық есептерді Google Drive-қа орналастырады (сілтеме ұйымның Instagram аккаунтында жарияланған). Сондай-ақ ол жерден ұйымның 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметін сипаттайтын құжаттарды табуға болады.

Фото: Asarume_kz Instagram парақшасынан

Соңғы аудиторлық есеп бойынша, 2023 жылы қайырымдылыққа 4 миллиард теңгеге жуық (3 миллиард 972 миллион 609 мың теңге) қаржы жұмсалған.

Фото: “Асар-Уме” қайырымдылық қор есебінен

Оның 3,47 миллиард теңгесі қайырымдылық жобаларға бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі аз қамтылған отбасыларға баспана алуға жұмсалыпты. Өткен жылы қор жалпы және әкімшілік қажеттіліктерге 214 миллион теңге жұмсаған. Бұған қызметкерлердің жалақысы және жабдықтаушыларға "қызметтік шығындарға, қор қызметін ұйымдастыруға, қордың жарғылық мақсаттары үшін" жаратылған төлемдер кіреді.

"Асар-Уме" – қайырымдылық қорының вице-президентінің жалақысы – 1,1 миллион теңге, бас директор – 997,2 мың теңге, менеджерлер – 750,3-тен 625,2 мың теңгеге дейін. Ал жалпы қорда 5 адам жұмыс істейді. 

Гүлнар Досаева басқаратын "Дара" қайырымдылық қоры

Қор 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі қызметі балалар үйінің жеткіншектеріне тәлімгерлікті дамыту. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді қолдау. 2015 жылдан бастап төлеген салық көлемі 106 миллион теңгеге жуық. Құрылтайшысы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жары Гүлнар Досаева.

Фото: Құжаттан скрин

Досаева 2007 жылдан бері қордың жалғыз құрылтайшысы. Сонымен қатар ол Dos.Co жеке қорының иесі. 2022 жылдан бері жеке қор 28,8 миллион теңге салық төлеген. 

Досаева – Алматы қаласының қазіргі әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы, табысты кәсіпкер. "Lancaster Global Company" ЖШС, "GGonline" ЖШС, "G And G Glamour" ЖШС, "Mountain Breeze" ЖШС және "Lancaster Holding LTD" сияқты коммерциялық жобаларда үлесі бар.

Досаева 2022 жылдың қарашасына дейін балалар мен ата-аналарға тегін психологиялық көмек көрсететін "Janym" қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Берік Имашевтың қызы мен келіні Адия мен Адина Имашевалар, Дариға Назарбаеваның келіні Аида Әлиева мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниял Ахметовтың қызы Аделия Ахметова ұйымнан кетті.

Фото: dara.kz сайтынан скрин

Қордың веб-сайтында ұйымның кейінгі он жылдағы жылдық есептері бар. Дегенмен 2024 жылдың есебі әлі жүктелмеген. Алайда біз 2023 жылдың есебіне тоқталдық. Қаржы есебінде қайырымдылық қорының 2023 жылғы кірісі 447 миллион 234 мың 878 теңге болғаны көрсетілген. Бұл соманың басым бөлігін (53,4%) тікелей құрылтайшы бөлген. 

Бір қызығы, 2023 жылы қордың шығыстары оның кірісінен 37 миллион теңгеге асып кеткен, яғни 484 миллион 353 мың 775 теңге. 

Әсел Тасмағамбетоваға тиесілі "Сәби" қайырымдылық қоры

Қор 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Қордың негізгі жұмысы азаматтарға медицина көмегін көрсетуді жақсарту. Балалар тұратын әлеуметтік мекемелерде тұрғын үй жағдайларын жасау. Сондай-ақ балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне әлеуметтік бейімделу және білім беру гранттарын бөлуге көмектесу. Каспий итбалығы популяциясын сақтап, жас кәсіпкерлерді қолдау және қазақтың ұлттық музыкасын насихаттау.

Оның құрылтайшысы – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова. Ол 2002 жылдан бері қорды жалғыз өзі басқарып келеді. Оның тағы бір қайырымдылық бастамасы – 2020 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығы. Сондай-ақ ол Алматыдағы Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Білім ошағының құрылтайшысы – оның жолдасы Кеңес Рақышев. 

Әсел Тасмағамбетова бірқатар компанияларды ішінара немесе толықтай иеленген. Мәселен, Telli Kazakhstan ЖШС (премиум косметика сату), Telli Öndiris ЖШС (контракт бойынша косметика өндіру), Орталық Азия қоршаған ортаны зерттеу институты және byb-capital венчурлық қор. 

Фото: Құжаттан скрин

Оның күйеуі Кеңес Рақышев еліміздегі ең бай кәсіпкерлер ондығына кіреді. Forbes.kz өзінің соңғы рейтингінде оның байлығын 435 миллион долларға (217 миллиард теңгеге жуық) бағалады. 

Фото: saby.kz сайтынан скрин

Сәби қайырымдылық қорының 2015 жылдан бастап төлеген салық көлемі – 82 миллион теңгеге жуық.

Фото: Құжаттан скрин

Қордың веб-сайтында жылдық есептері бар бөлім бар. Онда 2024 жылы қор бюджеті 14,2 миллиард теңге болғаны көрсетілген. Алайда ол жердегі құжаттардан ұйымның кірістері мен шығыстары туралы толық мәліметтер ала алмадық. Іс жүзінде олар қысқаша сипаттамасы бар аяқталған жобалардың тізімін ғана берген. Бұл есеп қордың жылдық бюджетінің көлемі туралы мәліметтерді қамтиды. Өткен жылы ол рекордтық деңгейге жетіп, 4,3 миллиард теңге болған. Бұл соманың басым бөлігі (3,2 миллиард теңге) Астанада 750 орындық мектеп құрылысына жұмсалған. Оқу орны толығымен Тасмағамбетова мен Рақышевтің жеке қаражатына салынған.

Фото: saby.kz сайтынан скрин

Қорға түскен қайырымдылық туралы мәліметтер сайтта жүйеленбеген және жаңалықтар бөлімінде жарияланған. Мәселен, өткен жылы "Сәби" қайырымдылық қоры 14,9 миллион теңге жинаған. Қор бұл қаражатты тек мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетуге бағыттаған.

“Человек в маске”

Қайырымдылық қор 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда ресми қайырымдылық қор ретінде 2023 жылы тіркелген. 

Kompra қазақстандық компанияның сенімділік қызметінің дерегінше, қордың құрылтайшысы Ерсары Бекет есімді азамат. 

Қор Instagram және TikTok парақшасын белсенді түрде жүргізеді. Әлеуметтік желіде жүктейтін видеоларына қарап, көптеген қиын жағдайдағы отбасыларға баспана беріп, аурудан сауығуына жәрдемдесетінін байқауға болады. 

“Человек в маске” қорымен Stan.kz тілшісі байланысып көрді, алайда жауап ала алмады. Қордың қаржы есебіне талдау жүргізу үшін арнайы сайтын да іздеп көрдік. Дегенмен сайт жоқ болып шықты. Осылайша қаржы есебін Kompra қазақстандық компанияның сенімділік қызметінен іздеп көрдік. Онда қайырымдылық қорының 2024 жылы төлеген салық есебі көрсетілген. 

Фото: Құжаттан скрин

Қордың 2024 жылы төлеген салық көлемі – 2 миллион 373 мың 757 теңге. 

"Dauletten" қайырымдылық қоры

Қор мәжіліс депутаты Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен 2020 жылы 14 мамыр күні құрылған. Ал директоры ретінде Жасұлан Бостандықұлы көрсетілген. Қор жұмысының басты мақсаты — мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету. "Dauletten қайырымдылық қоры" бірнеше жанның ота жасауына жәрдем берген. 

Фото: dauletten.kz сайтынан скрин

Dauletten ақпараттық-танымдық порталындағы есепке сәйкес, қор 1 миллиард 81 миллион 894 мың теңгеге қайырымдылық жасаған. Оның негізінде 950 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, 479 адам өз шаңырағында қоныс тойын атап өткен. Ал 500 білімді жасқа шәкіртақы тағайындалып, 73 отбасы баспаналы болған. 

Kompra қазақстандық компанияның сенімділік қызметінің дерегіне сәйкес, Dauletten қайырымдылық қоры 2020 жылдан бастап – 15 миллион теңгеге жуық салық төлеген. 

Фото: Құжаттан скрин

Айта кетейік, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Ведомство оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын алға тартты. Ол Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған

Кейіннен қайырымдылық қорынан ақша жымқырды деп күдіктелген Перизат Қайрат екі айға қамауға алынған. 

Талқылау