Қазақстандықтарға сайлауға балаларды әкелуге тыйым салынады
ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов сайлау күні коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу бойынша сайлау процесіне қатысушыларға қойылатын талаптарды айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Учаскелердің кіреберісінде медицина қызметкерлерінің немесе еріктілердің температурасы жоғары азаматтарды анықтау үшін жанаспайтын термометрлер құралдары бойынша температураны өлшеуге арналған кезекшілігі, қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлердің болуы, сайлаушылар үшін қозғалыс маршруты бойынша қашықтық таңбалар мен белгілердің болуы, кіреберісте және шығаберісте пайдаланылған жеке қорғаныс құралдарын жинауға арналған контейнерлердің болуы, жоғары дене температурасы анықталған жағдайда адамдарды оқшаулауға арналған бөлмелердің болуы қамтамасыз етіледі", - деді Ерлан Қиясов.
Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігер сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру барысында сайлау комиссияларының мүшелері, байқаушылар, сенім білдірілген тұлғалар учаскеде маска режимін сақтауы, 3 сағат сайын масканы ауыстырып отыруы қажет екенін атап өтті. Қолмен амандасуға, келген адамдармен жақын байланысуға болмайды. Сайлау өтетін жерді жиі тазалап отыру керек. Жиһаздар 1,5-2 метр арақашықта орналастырылғаны жөн.
"Бюллетень алғанда жеке басты куәландыратын құжатты комиссия мүшесінің қолына бермей ашып көрсету керек. Учаскелік комиссия дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларды қабылдаған кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет. Дауыс беруге арналған стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді ашу алдында оларды дезинфекциялау құралымен санитариялық өңдеу жүргізу қажет. Дауыс беру кезінде балаларды өзімен бірге алып жүруге тыйым салынады", - деп атап өтті Ерлан Қиясов.
Еске сала кетейік, 10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтуде. Сайлау учаскелері 07.00-ден 20.00-ге дейін ашық.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
