Қазақстандықтарға депозит бойынша 300 миллиард теңгеден астам өтемақы төленеді
Қазақстандықтар депозит бойынша өтемақы алу үшін берген өтініштің жалпы құны 304,4 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өтемақы алу үшін өтініш қалдыру мерзімі 2023 жылдың 10 ақпанына дейін ұзартылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған деректерге сәйкес 5 миллионнан астам депозит салымдары өтемақы ала алады.
"2023 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеуге 304,4 млрд теңгеге өтініштер қабылдады. Бұл мемлекет тарапынан төленуге жататын өтемақының әлеуетті сомасының 92,3%-ын құрайды", – делінген қор хабарламасында.
Статистика бойынша депозиттерінде 1 миллион теңгеден астам ақшасы бар азаматтардың 94%-ы өтемақы алуға өтініш берген.
"Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банкі әзірлеген бағдарламаның Қағидаларына сәйкес келетін барлық депозиттерге, олардағы ақша қалдығының мөлшеріне қарамастан, сыйлықақы есептелетіндігін еске салғымыз келеді. Банктерге барып, өтемақы алуға келісімін әлі растамаған депозиторлар соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 10 ақпанына дейін келісімін растай алады. Өтінішті банктердің бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн түрінде беруге болады. Банктер өтемақыны 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. 10%-дық өтемақы есептелуі мүмкін максималды сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды", – деді ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
