Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір ғана идеямен келіп, жобаны іске асыруға қаражат ұттық: Қазақстанда жастарға арналған қандай тегін курстар мен стартап байқаулар бар?

Жас қазақстандықтар енді тегін курстар оқып, қашықтан білімдерін шыңдай алады. Мұндай мүмкіндікті Алматы қаласы креативті индустрия басқармасы беріп отыр. 11 бағыт бойынша әзірленген орыс және қазақ тіліндегі курс былтырдан бері көпшілікке жол тартқан. Одан бөлек, кәсіпке инвестиция тартқысы келетіндерге арналған Almaty Creathon жастардың жобаларын іске асыруына мүмкіндік береді. Тегін курстарды қалай өтуге болады және кәсіп ашуға қолдау қалай таба алады? Stan.kz тілшісі білді. 

Almaty Creathon кәсіптік бағдарламасы

Алматылықтарға арналған Almaty Creathon жобасы –  екі күндік креативті индустрияның кәсіпқойларына арналған алаң. Былтыр оған 50-ден аса қатысушы қатысып, бақтарын сынаған.

Креатонның басты мақсаты – кез келген идеяны дайын жоба күйінде іске асыру. Оның барысында командалар белгілі бір мәселені шешудің әртүрлі жолдары мен тәсілдерін іздейді.

Жобаға қатысқан 21 жастағы Назарбаев университетінің студенті Лаура Романова Әділхан есімді досымен бірлесіп, Find You жобасын құрған. Бастапқыда ешқандай дайындықсыз келген студенттер екі күннің ішінде жоба ойластырып, оны жүзеге асыруға дайындықтарын бастап кеткен.

Лаура, Әділхан (жеке архивтен)

Find You — тұтынушылар фильмде, атақты адамдардың  немесе көшеде өтіп бара жатқан адамның үстінде көрген киімдерді табуға және оған тапсырыс беруге арналған онлайн қызмет. 

“Біз адамдарға бір сурет немесе скриншот арқылы қалаған киімін табуға көмектесетін платформа жобасын жасамақ болдық. Сондай-ақ платформа арқылы қалауындағы киімді тіктіру де ұсындық. 

Бағдарлама соңында жобаны қала әкімінің алдында қорғадық”, – дейді стартап жоба ұсынушы.

Айтуынша, креатон жайлы досынан естіп, небәрі екі күн ішінде жобаны үлкен деңгейге жеткізуге болады деген идеяға қызығып қатысқан. 

“Іріктеудің бірінші кезеңінде өз жобаларымызды таныстырдық. Содан кейін, төрешілердің ұсыныстарынан кейін біз таныстыруды жетілдірдік. IT, маркетинг, стартаптар және т.б. тәлімгерлермен жұмыс істедік, кеңес алдық. Сондай-ақ, акселерация үшін 10 команда таңдалды, сонымен қатар басқалармен бәсекелесу де қызықты болды.

Финалда әртүрлі санаттағы 3 команда таңдалу керек болды. Біз үздік инновация номинациясында жеңіске жеттік, сонымен қатар акселерация бағдарламасы бойынша сәйкесінше үздік ондыққа кірдік. Жобаны қолдауға және іске асыруға бағытталған 77 мың теңге көлеміндегі сыйақы ұтып алдық”, – дейді ол.

Лаура креатонға қатысу барысында жобамызға қажетті бар ақпаратты алдық деп отыр.

“Біздің жобамыз идея күйінде ғана болғанын есепке алсақ, оны жүзеге асыруға қажеттінің бәрін дайындап үлгердік. Өзімізге ұқсас жобалар жайлы білдік, олардың сүрінген жерлерін, не нәрсеге баса назар аудару қажеттігін түсіндік. Менторларымызбен жобаны бизнес модельге айналдыру бойынша сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап алдық”, –дейді студент қыз. 

“Озып шыққан жобалар бір апталық акселерацияға (менторлармен, сарапшылармен тығыз жұмыс істеп, кеңес алу) қатысып, жобаларын соңына дейін жеткізеді. Осының арқасында, қатысушылардың идеялары концепция формасынан дайын бизнес жобаға айналады. Терминнің өзі ағылшын тіліндегі creative және marathon деген екі сөзден құралған, яғни бұл "шығармашылық марафон". 


Жазғы демалысты тиімді пайдалануға мүмкіндік: Алматыда жастарға арналған маусымдық жұмысқа қалай орналасуға болады? 


Жобаға кез келген креативті идеясы бар адам қатыса алады, басты талаптың бірі көп дегенде 3 қатысушыдан тұратын топ құру”, – дейді Алматы қаласы Креативтік индустриялар басқармасының бас маманы Әділ Нұрғалықов.

Былтыр 50 қала тұрғыны жобаға қатысты, оның ішінде 10 жоба финалға шығыпты.

Акселерациялық бағдарламаны бітірушілер үшін 700 000 теңге мөлшеріндегі жүлде қоры қарастырылған (70 000 тенге әр командаға). Онымен қоса серіктестерден қаржылық емес қолдау (консалтинг, курстар, оқыту және т. б.). және қосымша Alatau Creative Hub-та 2 ай бойы ақысыз коворкинг орталықты қолдана алады.

Креативтік индустриялар басқармасында биыл Almaty Creathon 2022 атты іс-шара өткізуге ұсыныс тағы да беріліп отырғанын айтады. 

Almaty Creative Class ұсынатын тегін курстар

Қазақстандықатарға арналған тағы бір мүмкіндік – Almaty Creative Class платформасы. Ол 2021 жылы 30 желтоқсанда толықтай іске қосылып, білімқұмар қолданушыларға жол тартқан. Негізгі идея – ісін жаңа бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерге әртүрлі салада өз дағдыларын арттыруға көмектесу. 

“Тегін онлайн курстары бар алаң креативті кәсіпкерлер мен креативтік индустриялар саласында өз дағдыларын арттырғысы келетіндерге арналған. Кез келген адам almatycreativeclass.kz сайтында біздің курстарымызға тіркеліп, білім ала алады.  Барлық курстар тегін, қазақ және орыс тілдерінде. Ал курс авторлары Қазақстан, Ресей, АҚШ, Украина, Қырғызстан және Үндістан кәсіпкерлері, бизнес-тренерлері, сарапшылары, жобалар мен институттардың жетекшілері болды”, – дейді Алматы қаласы Креативтік индустриялар басқармасының бас маманы Әділ Нұрғалықов.

Жоба аясында қазақстандықтарға қазақ және орыс тілдерінде келесі 11 курс ұсынылып отыр:

1) Тәжірибелі фотограф Никита Басовтың "Фотосурет шебері" курсы. Бұның барлығы клиенттермен қалай қарым-қатынас жасау, неден бастау керек, техниканы қалай таңдау керек және өз қызметтерін қалай бағалау керектігі туралы көбірек білгісі келетіндерге арналған.

2) Менеджмент саласындағы сарапшы Әйгерім Райымжанованың және мемлекеттік сатып алу саласындағы 10 жылдық тәжірибесі бар маман Раушан Ғаббасованың "Креативті экономикаға арналған тендерлер" курсы. Мұнда мемлекеттік сатып алу процесі, негізгі ережелер мен алаңдар туралы бәрін білуге болады.

3) "Жобалық менеджмент" курсын Украинаның тәжірибелі маманы Олена Бондаренко жүргізеді. Ол білім беру, адам құқықтарын қорғау, оқыту және ғылыми зерттеулер саласындағы 30-дан астам табысты жобаның авторы. Мұнда команданы қалай үйлестіру керек, нені іздеу керек және жобаны қалай қорытындылау керектігін үйренуге боладыү

4) "Презентация өнері" –  базалық теориялық курс, оның аясында презентация заңдары, сөз сөйлеу ерекшеліктері мен пайдалы ресурстар туралы көбірек айтылады.

5) "Интернет кеңістігіндегі жеке бренд" курсы SMM және жеке бренд құру саласындағы жұмыстың теориялық және практикалық бөліктерін біріктіреді. Кеңесші Денис Поленов SMM теориясы туралы, ал Phillip Morris сарапшысы Геннадий Захаров Instagram және Facebook-тегі жарнамалық кеңселерді қалай пайдалану керектігін және жеке парақшаны қалай жүргізу керектігін егжей-тегжейлі көрсетеді.

6) "Қалай жазушы болуға болады?" – бұл журналист және копирайтер Андрей Шениннің туындысы. Жас жазушы еңбегін жариялағанға дейін қандай мәселелермен бетпе-бет келетінін баяндайтын курс.

7) Қазақстанның тұрақты зерттеулер институтының директоры және БҰҰ сарапшысы Брендан Дюпрейдің "Әркімге арналған Фандрайзинг" курсы фандрайзинг процесінің негізгі туралы әңгімелейді. 

8) "Іскерлік мәтін негіздері" курсы аясында "Алатриум" қоғамдық қорының жетекшісі Жасұлан Нұрбаев тыңдаушылармен іскерлік құжаттамамен жұмыс тәжірибесімен бөліседі. Қандай сөздерді қолдану керектігі туралы айтылады.

9) "Арт-менеджмент" – Теориялық курста арт-менеджмент пен менеджменттің айырмашылығы неде екені түсіндіріледі. Курсқа бонус ретінде креативті кәсіпкер Дина Құрманғалиевамен ("АлтынЗер" компаниясы) сұхбат беріледі.

10) Үндістаннан келген заң мәселелері жөніндегі кеңесші Снехи Вемуланың "Авторлық құқық" курсы. Фактілер, принциптер, сонымен қатар авторлық құқықты тікелей тіркеу туралы практикалық дәріс.

11) "Креативті кәсіпкерлердің табыстары мен сәтсіздіктері" курсы – профессор Анджан Гоштың Қазақстан кәсіпкерлерінің тәжірибелік кейстері туралы курсы. Кейстер арасында "Жансая Әбдімәлік Шахмат академиясы", "Мимиорики", "АРТиШОК" және басқа да танымал компаниялардың тәжірибесі ұсынылады.

Маманның айтуынша, аталған курстардың барлығын қатысушылар қамтып жатыр. Оларға видео дәрістер, тесттер, жұмыс дәптерлері және қосымша материалдар кіреді, қосымша сертификаттар беріледі.

Алматы қаласы Креативті индустриялар басқармасының бас маманы Мөлдір Оңдасынова платформада көбіне Креативті экономикаға арналған тендерлер курсын тыңдайтындар саны басым екенін алға тартады.

"Себебі кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен нұсқау. Түрлі іс-шараларға қатысып оны жеңіп алу мақсатында кеңеске жүгінгендер қосымша осы курсты тыңдайды", – дейді ол.

Платформадағы барық 11 курстан өткен маман ретінде ол тәжірибелі мамандардың нұсқаулары мен кеңестері тиімді екенін айтады.

"Креативті индустрия саласы қаламызда енді ғана даму процесінде болғандықтан бұл сала бойынша кеңестер мен белгілі бір сабақтар аз. Әрі өзіңе де курстан өткеннен кейін тың идеялар келіп шабыттана түсесің. Бұл саланы игеруге деген құлшыныс пайда болады", – дейді маман.

Талқылау