Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазғы демалысты тиімді пайдалануға мүмкіндік: Алматыда жастарға арналған маусымдық жұмысқа қалай орналасуға болады?

Биыл Алматыда 1900 жас маман маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен аталмыш жобаны биыл екінші рет ұйымдастырмақ. Жас жұмысшылардың негізгі міндеті қаланы абаттандыруға атсалысу, экопатруль жұмысын жүргізу болады. Өздерін жауынгер атайтын жастар қаламыздың экологиясын бұзу фактілерін анықтап, стихиялық түрде қоқыс төгілетін жерлерді, ауаны ластау орындарын анықтау бойынша мониторинг пен рейдтер жүргізеді. Қаланың көркеюуі үшін маңызды жұмыстар атқаратыны үшін жастар 60 мың теңге көлемінде жалақы алады. Stan.kz редакциясы бұл жобаға жастар қалай қатыса алатынын сұрап білді.

Жобаға қатысушы Тауасар Мұратханұлының жеке архивінен

Аталмыш бағдарлама – “Жасыл ел” деп аталады. Бұл маусымдық жоба аясында жұмыссыз жастарды еңбекке баулу, экологияны сақтау жұмыстарына ынталандыру және сыйақы тағайындау қарастырылған. 

"Жасыл ел" – студенттер мен жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба. Оған 16 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. 

“Жобаның мақсаты – еліміздің барлық аумағында орман алқаптарын өсіру, сол арқылы Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту, жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімді және туған жердің байлығын экологиялық жобаларды жүзеге асырай отыра халықтың барлық топтарының өкілдері үшін құрметтеуге баулу, бос уақытын қызықты өткізуді ұйымдастыру”, – дейді Алматы қаласы Жастар ресурстық орталығының өкілі Сағида Сарбасова.

Әрбір қатысушыға 60 000 теңге көлемінде сараланған қосымша ақы төленеді. "Жасыл ел" маусымдық жоба болғанымен экопатрульдердің жұмысын күзде де жалғастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, жастар табиғат аясында демалушы азаматтармен ашық табиғатта өзін-өзі ұстау ережелерін ұстану,  тазалықты, өрт қауіпсіздігін сақтау жайлы түсіндірме әңгіме жүргізеді. Абаттандырудан бөлек "Таза қала" жобасы аясында сенбіліктер өткізіліп, өзен арналарында, тау етегінде, т.б. тазалық жұмыстары жүргізіледі. 

Жобаны Қазақстанның оңтүстік астанасындағы жоғары оқу орындары, Алматы қаласы бойынша экология департаменті, Алматы қаласының полиция департаменті қолдап отыр. Ал биыл жобаны іске асыру мерзімі 2022 жылдың маусым, шілде, тамызға жоспарланған.

21 жастағы Тауасар Мұратханұлы Жетісу ауданының Жастар ресурстық орталығының координаторы. Тауасар “Жасыл ел” жобасына былтыр қатысқан жастың бірі. Ол жұмыс істеп, қаржылай сыйақы алып қана қоймай, осы жоба арқылы бүгінде ресурстық орталыққа ресми түрде жұмысқа тұрған. 

Тауасар Мұратханұлы, жеке архивтен

"Жасыл ел" жобасы жайлы алғаш рет осыдан екі жыл бұрын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүргенде естідім. Жобаға қатысып, екі жыл қатарынан жұмыс істедім. Бұл – өте керемет мүмкіндік сыйлайтын жоба. Оның аясында жаңа таныстықтар, көп дос таптық. Алматы қаласы бойынша барлық аудандарды аралап,  экопатруль,  экоакция ұйымдастырдық. Алма-арасан, Бутаковка, Медеу секілді көрікті мекендерді аралап, сенбіліктер өткізілді.  Бұл жоба ең алдымен, студент жастарға өте тиімді. Олар жазғы уақыттарын тиімді пайдалана алады, әрі бұл жоба аясында қызмет еткен әрбір студентке қаржы төленеді”, – дейді ол.

Айтуынша, тұрып жатқан мекені – Алматы қаласы әрқашан да таза, жап-жасыл болып тұрса өзін бақытты сезінеді.  

"Жасыл ел" деген логотиппен жап-жасыл форма киіп, барлығымыз бір үйдің баласындай еңбек етеміз. Бұл жобаға қатысушыларға айтарым, ең бастысы жобаға қатысып, тек қана алға қарай ұмтылыңыздар. Биыл "Жасыл ел" жобасына қабылдау басталды. Мен Жетісу ауданы бойынша жүргізетін боламын. Оған өзіміздің колледж студенттері және Жетісу ауданының жастары кіреді”, – дейді Тауасар Мұратханұлы.

Жоба ұйымдастырушыларына бағдарламаны тек жаз айларында емес, жылдың кез келген мезгілі қамтылатындай іске асырса нұр үстіне нұр болатын еді деген тілегін білдірді.

“Біз "Жасыл ел" жобасында жұмыс істеген кезде аптасына төрт-бес рет жұмысқа барамыз. Сондай-ақ әр ауданның әкімшілігімен келісе отырып, сенбілікке, экопатрульге шығатынбыз. Экопатрульдің басты міндеті – "Жасыл ел" жобасындағы студент кез келген аумақта экологияға, тазалыққа зиян келтіретін жағдайлар орын алып жатса, суретке түсіріп Whatsapp-тағы чатқа мекен-жайын жіберіп отырады. Жоба аясында жұмыс істеп жүріп, Алматы қаласы Жастар саясатын басқару мемлекеттік қорына жұмысқа орналастым”, – дейді жобаға қатысушы.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар, Жастар саясатын дамыту департаментының директоры Дидар Ділдабек 2003 жылдан бері "Жасыл ел" жасағымен тығыз жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. 

“Жастар үшін әлеуметтік жағынан қолдау көрсететін, сонымен қатар экологиялық бағытта жастардың санасын дамытып, байытуға өзіндік бір септігін тигізетін жоба ретінде түсінеміз. Мақсаты – жастар арасындағы экологиялық сананы дамыту, тазалыққа баулу, Алматы қаласы бойынша ластанған аумақтарды тазалап, тазартуға бағытталады.

Артықшылықтары – жастарға таңның атысынан кештің батысына дейін емес, жарты күндік жұмыс реті, сонымен қатар сенбіліктер ұйымдастырылады, университет тарапынан қолдау көрсетіледі, жаз айларында жатақханамен қамтамасыз етіледі”, – дейді ол.

Айтуынша, былтыр жоба бойынша 300-ге тарта жас жоба аясында жұмыспен қамтылған. 

“Осы жылы әр ай сайын 180 студенттен үш айға жоспарланып отыр. Биылғы жоба бойынша ешқандай өзгерістер жоқ. Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорымен бірге көптеген шаралар, ұйымдастыру жұмыстары да жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жастардың барлығына арнайы жалақысы мен киім формасы берілетін болады. Жастарға серпін береміз деп ойлаймыз”, – дейді Дидар Ділдабек.

Талқылау