Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық миллионға несиеге массаж құрылғысын сатып алып, кейін оның 60 мың теңге тұратынын білді

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтар массаж жамылғыларын шектен тыс қымбат бағаға несиеге сатып алғанын мәлімдеді. Дүкенде қазақстандықтарға 60 мың теңгелік құрылғыны 1 миллион теңгеге рәсімдеп берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны массаж жамылғысының таныстырылымына қатысқан. Сатушылар бұл өнімді "денсаулыққа оң әсер ететін жоғары технологиялы құрылғы" ретінде сипаттаған. Алайда сатып алушыда қажет сома болмағандықтан, ұйымдастырушылар оған 1 миллион теңгеге банк арқылы бөліп төлеу шартымен рәсімдеп берген.

Үйге келген соң азамат интернет арқылы бұл жамылғының нақты бағасын тексеріп көрген. Белгілі болғандай, осындай құрылғылар интернетте 17 есе арзан — 60 000 теңгеден басталады. Өзін алданғанын түсінген соң, ол Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар сатушыға шағым жолдап, артынша тұтынушыға ақшасы қайтарылған.

Осыған ұқсас жағдай екінші бір азаматпен де болған. Ол да массаж жамылғысын 1 миллион теңгеге несиеге алған. Оның да шағымын қарағаннан кейін ақшасы қайтарылып берілген.

Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қазақстандықтарға келесі кеңестер берілді:

•    қалаған тауардың бағасын дүкендерде және онлайн платформаларда салыстырып қарау;
•    келісімшарттың барлық тармағымен, әсіресе, ұсақ әріппен жазылған жерлерімен танысу;
•    пайыздық мөлшерлемені, төлем мерзімін және қосымша төлемдер бар-жоғын нақтылау;
•    кепілдік пен қайтару шарттарын тексеру.

"Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, күтпестен, тиісті департаментке немесе уәкілетті органдарға жүгініңіз. Уақытылы шағым мен дұрыс рәсімделген құжаттар сіздің құқығыңызды қорғауға және келтірілген шығынды қайтаруға көмектеседі", – деп мәлімдеді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.

Англия қытайлық көліктердің иелеріне шектеу енгізді

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел қайтарылмайтын авиабилеттің толық ақшасын қайтарып алды. Себебі билет сатушысы жолдағы техникалық аялдама туралы алдын ала ескертпеген. Көкшетау қаласының тұрғыны онлайн билет сату сервисі арқылы Германияға ұшатын рейске 319 398 теңгеге билет сатып алған. Менеджермен жазысу барысында ол рейсте техникалық түрде Алматыға тоқтайтынын анықтаған. Бұл ақпарат электронды билеттің сипаттамасында көрсетілмеген. Ал бұл жағдай әйел үшін өте маңызды болған, өйткені ұзақ ұшу оның денсаулығына және жоспарларына әсер етуі мүмкін еді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 10:38
Талқылау