Қазақстандықтардың 80%-ы қазақ тілін жұмыс істеу үшін қажет негізгі тіл деп санайды

Фото: Инфографика Stan.kz
Қазақстандықтар елдегі тіл саясатын, қазақ тілінің дамуын және басқа тілдердің рөлін әртүрлі бағалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан азаматтардың жартысы үштілділікті қолдаса да, кәсіби мансапта басты рөл қазақ тілінде деп санайды екен.
Сауалнама 2025 жылғы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында елдің 17 өңірінде 1100 адам арасында жүргізілген.
Сауалманаға сәйкес, қазақстандықтардың 80%-ы қазақ тілін мансап пен кәсіби қызмет үшін қажет негізгі тіл деп санайды. Орыс тіліне сауалнамаға қатысушылардың 35,5%-ы дауыс берсе, ал ағылшын тіліне 23,8%-ы дауыс берген.
Сануалнама шамамен 20 жыл бұрын ұсынылған үштілділік идеясы әлі де көпшіліктің қолдауына ие екенін көрсетті. Респонденттердің 50,7%-ы оны өзекті деп санаса, тағы 32,8%-ы "жартылай өзекті" деген пікірде. Тек 12,7%-ы бұл тәсілдің өз маңызын жоғалтқанын айтқан.
Тіл саясатына қатысты көзқарастар шамамен тең деңгейлерде бөлінген:
- 33,8% – барлық тілге тең құқық беруді қолдайды;
- 30,8% – қазақ тілін дамыту қажет деп санайды, бірақ орыс және ағылшын тілдерінің рөлін сақтауды жөн көреді;
- 29,5% – қазақ тілін басымдықпен дамытуды қолдайды.
Қазақ тілінің дамуының тиімділігіне қатысты пікірлер де әртүрлі болған:
- 47,2% – бұл саясатты "өте тиімді" деп санайды,
- 18,2% – "тиімділеу" деген көзқараста,
- 28,5% – "тиімсіз" деп есептейді.
Қазақ тілінің дамуына кедергі болатын негізгі себептер ретінде сауалнамаға қатысушылар мыналарды атаған:
- білікті мұғалімдердің жетіспеуі – 26,4%,
- тілді үйренуге деген ынтаның төмендігі – 23,9%,
- оқу материалдары мен оқу орталықтарының тапшылығы – 21,5%.
Қазақтілді қатысушылар кедергі ретінде "ресейлік ақпараттық кеңістік" мәселесін (19,4%) атап өтсе, орыстілділер үшін басты қиындық – мұғалімдердің жетіспеуі (34,1%).
Сонымен қатар қазақстандықтардың 37,7%-ы елдегі ең сапалы білім қазақ тілінде беріледі деп есептейді, 23,3%-ы орыс тілінде десе, 27,9%-ы білім сапасы оқыту тіліне байланысты емес деген пікірде.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік