Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың көпшілігі алатын жалақы мөлшері белгілі болды

2024 жылғы сәуірде Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы ірі, орта және шағын кәсіпорындардың 30%-ын іріктеп қоса алғанда, бүкіл ай бойы жұмыс істеген қызметкерлерге есептелген жалақы мөлшері бойынша жыл сайынғы зерттеу жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Зерттеудегі жалақы туралы нақты деректерде барлық қосымша төлемдер, жәрдемақылар, бонустар, салықтар мен зейнетақы жарналары ескерілді.

Қызметкерлердің жалпы санында орташа айлық жалақы алушылар үлесі келесідей бөлінді:

  • Қызметкерлердің 6,1%-ы – 100 000 теңгеге дейін алды;
  • 12%-ы – 100 001-ден 150 000 теңгеге дейін;
  • 35,1%-ы – 150 001-ден 300 000 теңгеге дейін;
  • 35,6%-ы – 300001-ден 600 000 теңгеге дейін;
  • 6,9%-ы – 600 001-ден 900 000 теңгеге дейін;
  • 2,1%-ы – 900 001-ден 1 200 000 теңгеге дейін;
  • 1%-ы – 1 200 001-ден 1 500 000 теңгеге дейін;
  • 1,2%-ы – 1 500 001-ден жоғары.

Осылайша биыл қазақстандықтардың орташа айлығы 285 677 теңге екені белгілі болды. Былтыр қызметкерлердің жартысы жалақы мөлшері тізбегінің орта мәнінен жоғары, ал қалған жартысы төмен алатын медиана мәні 251 356 теңге болған. 

Елімізде ең көп таралған жалақы – 97 557 теңге. Айта кетейік, 2023 жылы оның мөлшері 81 377 теңге болған еді.

Басшылардың жалақы деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 11,4% өсті. Өндірістік жабдық операторлары, көлік жүргізушілері және құрастырушылардың жалақысы 16%, ал фермерлер мен ауыл, орман және балық шаруашылығы жұмысшыларында 14,3% өскен.

“Орта білімі бар қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 262 238 теңгеге, жоғары білімділердікі – 438 005 теңгеге және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барларда 558 882 теңгеге тең. 16 жастан 24 жасқа дейінгі қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 250 518 теңге, 25 жастан 34 жасқа дейінгілерде 347 985 теңге, 35 жастан 44 жасқа дейінгілерде 397 468 теңгені, 45-тен 54 жасқа дейінгілерде 372 824 теңге және 55-64 жасқа дейінгі азаматтарда 340 769 теңгені және 65-тен асқандарда орташа жалақы мөлшері 318 564 теңге болды”, – деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросы.

Бұған дейін Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандар туралы жазған едік.

Талқылау