Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарды әке болуды анықтайтын ДНҚ-тест жарнамасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың насихаты ашуландырды

Әкелер баласын ДНҚ арқылы анықтайдыФото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде әке болуды анықтау үшін ДНҚ-тестке қатысты даулы жарнама қызу талқыланып жатыр. Видеода ер адам әйелінен баласының өзінікі емес екенін біліп, соққыға жыққысы келеді. Ал жарнама әділет министрлігінің тапсырысымен түсірілген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"НеМолчи" қоры ДНҚ-тестке арналған бейнероликті жариялады. Айтуларынша, ол сот сараптамалары орталығының тапсырысымен түсірілген. Бұл мемлекеттік орган әділет министрлігіне қарайды.

Сюжет бойынша күйеуі әйелінің опасыздығын біліп, оны өлтіремін деп қорқытады. 

“Ей, Назерке, не істеп жатырсың? Сен менің көзіме шөп салып жатырсың ба?” – дейді ер адам. 

Ал әйел оған “Сен бәрін дұрыс түсінбедің, бұл бөтен адам емес. Бұл сенің балаларыңның әкесі” деп жауап береді.

“Ер адамдар, сіздердің әке екеніңізді анықтау үшін ДНҚ сараптамасын өтуге құқығыңыз бар. Барлық сұрақтар бойынша өз аймағыңыздағы Геномдық Сараптама орталығына хабарласыңыздар”, – деп ер адам видео соңын жарнамамен аяқтайды.

Видеоның соңғы кадрынан оның мақсаты жарнамалау екені аңғарылады.

"Біріншіден, балаларды осындай контексте түсіру – бала құқықтарының бұзылуы. Екіншіден, тағы да агрессия культі, қызғаныш, әйелдерді жаппай жеңіл жүрісті етіп көрсету және ашық түрде өшпенділікті насихаттау бар. Ерлерге агрессия мен зорлық-зомбылық қалыпты нәрсе деген ой тасталады. Үшіншіден, мұндай маңызды ұйымнан деңгейі төмен жарнама көру өкінішті", – делінген "НеМолчи" жарияланымында.

Алайда әділет министрлігі даулы жарнамаға еш қатысы жоқ екенін хабарлады. Роликті мемлекеттік орган емес, блогер Әли-Аскер Байғожин өз бастамасымен түсірген.

"Орталық пен блогер (qasqir_kz) арасында ешқандай ынтымақтастық келісімі жоқ. Біз адам құқығы мен ар-намысын құрметтеу қағидаттарын ұстанамыз және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, соның ішінде әйелдерге қарсы күш қолдануға түбегейлі қарсымыз", – деп атап өтті министрлік.

Ал бейнероликтің авторы, блогер Әли-Аскер Байғожин "роликті өздері түсіргенін" растады. Әлеуметтік желідегі сыннан кейін ол "НеМолчи" қорымен соттасуға дайын екенін жеткізді.

"Олар мұнда әйелдердің құқығы бұзылып жатыр деп ойлайды. Мен жаман ештеңе істеген жоқпын, зорлық-зомбылықты насихаттаған жоқпын. Бұл жай ғана әзіл. "НеМолчи" белгілі бір жұмыс істеп жатқанын түсінемін, бірақ оларда феминизм деген ұғым жоқ, тек мизандрия бар. Мен тек ерлердің геномдық сараптамаға құқығы бар екенін көрсеткім келді. Ал олар болмайтын жерден шу шығарды", – деді блогер Instagram парақшасында.

 


"Күйеуі тастап, қалаусыз жүкті болған әйелдерді көндірген": Индонезияда сәби сатумен айналысып келген халықаралық топ әшкереленді


Үш адамның ДНҚ-сы арқылы туған балалар тұқым қуалайтын аурусыз дүниеге келеді – Ғалымдар


Еске салайық, бұған дейін блогер Әли-Әскер Байғожин басы дауға қалып, Астана соты шешімімен ақталды. Оған сатиралық "Ганюшкино департаменті" сериалында құқық қорғау органы өкілін сомдағаны үшін “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған еді. Сот құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Блогердің қорғаушылары оның еркімен емес, дайын сценарий бойынша әрекет еткенін, түсірілім алаңында болғанын атап өтті. Байғожин Алматыдағы ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының түлегі және бұрын Атырау облыстық ҰҚК департаментінде қызмет атқарған. Кейін әлеуметтік желіде юморлық бейнероликтер жариялай бастаған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 18 Тамыз, 2025 17:46
Талқылау