"Қазақстандықтардан пара бермеуді сұраймыз": Ішкі істер министрлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейтіп жатыр
Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заң бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел басқару орталықтары тәулік бойы жұмыс істеп, патрульдік полиция қызметкерлерінің әрекетін тіркейді.
“Ішкі істер министрлігінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы жедел басқару орталықтары мен патрульдік қызметтердің жұмысын белсенді түрде қадағалайды. Қызметкерлер "смартжетондармен" жабдықталған. Бұл құрылғылар белгіленген талаптардан ауытқу мүмкіндігін болдырмай, барлық әрекеттерді тіркеп отырады. Сонымен қатар, жасанды интеллектпен біріктірілген бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдайтын жүйе қолданылады. Бұл кез келген бұзушылықтарды анықтауға және оларға қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, полицияның жұмысы оның мәртебесіне, лауазымына қарамастан әрбір заңды бұзушы үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
“Патрульдік полицияның заң талаптарын мүлтіксіз орындайтынын ескеру қажет. Олардың кез келген заңсыз әрекеті қатаң зардаптарға әкеледі. Біз азаматтарды заңды сақтауға, полицияның заңды талаптарын орындауға және шенеуніктерге пара бермеуге шақырамыз. Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз қатарында сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы меморандум жасасқан. Оның аясында бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жандана түспек”, – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев қызметкерлердің орынсыз әрекетіне куә болған жағдайда бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Ішкі қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарлауды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында пара алды деген күдікпен полиция майоры ұсталғаны туралы жазған едік.