Қазақстандықтар жолдағы ақаулар үшін ақы алудан босатылмақ
Фото: kolesa.ru
15 қыркүйектен бастап Қазақстанда республикалық маңызы бар ақылы автожолдарды пайдалану бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Енді жүргізушілер қозғалысқа қауіпсіз әрі жайлы жүруге кедергі келтіретін ақаулар анықталған жол бөліктері үшін ақы төлемейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік министрлігі биыл мамыр айында жолдағы ақаулар үшін ақы алудан босату жөнінде ұсыныс енгізген еді.
Елде барлығы 27 ақылы трасса бар. Мысалы, ұзындығы 100 шақырым жолдың 5 шақырымы ақаулы деп танылса, жүйе төлемді тек қалған 95 шақырым үшін ғана есептейді. Ақау тіркелген сәттен бастап ақы алу автоматты түрде тоқтатылады және жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қайта жанданады.
Жолдардың жағдайын ұлттық оператор жүйелі түрде тексеріп отырады. Сонымен қатар өлшеу және бақылау жұмыстары жүргізіледі.
Жүргізушілер жолдағы ойықтар мен зақымдарды тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне қоңырау шалып хабарлай алады. Барлық өтініш жедел қаралып, қайта есептеу немесе ақшаны қайтару артық рәсімдерсіз жүзеге асырылады.
Министрліктің мәліметінше, жаңа ереже республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы автожолдарға қолданылады.
Сонымен қатар ведомство жүргізушілер төлемді қайта есептеу немесе қаражатты қайтару фактісін қалай растай алатынын түсіндірді.
"Пайдаланушы мемлекеттік нөмірі бойынша жеке шотын өзі тексеруге және қажет болған жағдайда ұлттық оператордың байланыс орталығына 1403 нөмірі арқылы жүгінуге құқылы", – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" басқарма төрағасы Дархан Иманышевтың айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы ақылы автожолдардан 48 миллиард теңге жиналған.
2025 жылы компания бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 100 миллиард теңге жинауды жоспарлап отыр.
Жиналатын 100 миллиард теңгенің ішінде:
• шамамен 60 миллиард теңге жолдарды тазалау, шұңқырларды бітеу, ағымдағы жөндеу, жарықтандыруды күтіп ұстау және жол белгілерін ауыстыру сияқты пайдалану шығындарына жұмсалады;
• табыстың шамамен 30%-ы (30 миллиард теңге) ең алдымен арнайы жол техникасын сатып алу үшін капиталдандыруға бағытталады.
"Екі көлік аударылып қалды": Қазақстандық ер адам Асы үстіртіне апаратын жол сапасына шағымданды
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда маусым айынан бастап жүргізушілерге сапасыз ақылы жол үшін төлем жасамау құқығы берілетінін жаздық. Жаңа ереже бойынша қозғалысқа қауіп төндіретін ақаулар тіркелсе, төлем автоматты түрде тоқтатылады да, жөндеу толық аяқталған соң қайта қосылады. Мәселен, 100 шақырымдық жолдың 5 шақырымы бұзылса, қалған 95 шақырымға ғана ақы алынады. Көлік министрлігі мұндай шара әділеттілікті қамтамасыз етіп, жолдарды жедел жөндеуге ынталандыратынын айтады. Бұған дейін де тарифті төмендету ұсынылған еді.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
