Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәрі сиыр етінің әсерінен: Сауда министрлігі азық-түлік бағасына не болып жатқанын айтып берді

Алматыдағы ет

Фото: Stan.kz

Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда азық-түлік бағасының өспегенін мәлімдеді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызды тауарлар сегментінде айқын байқалады. Кейбір тауарлардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда арзандады. Алайда азық-түлік себетіне әсер ететін негізгі фактор әлі де сиыр еті болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауда министрлігінің мәліметінше, тамыз айында азық-түлік инфляциясы бар болғаны 0,5% болған. Бұл көрсеткіш азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасынан екі есе төмен және қызмет көрсету саласындағы өсімнен үш есе аз.

Бүгінде Қазақстандағы азық-түлік себетіне 160 тауар кіреді, олардың тек 19-ы ғана мемлекеттік реттеуге жатады. Биыл жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары индексі 8% өсті. Дегенмен тамыз айында өзгеріссіз қалды, ал қыркүйектің үш аптасында бар болғаны 0,2% ғана көтерілді, дейді олар. 

"Оң динамика әсіресе көкөніс тобы бойынша айқын байқалады. Тамыз айының басынан бері баға өсімінің қарқынын орта есеппен 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік туды. Шілде айында килограмы 300 теңге болған картоп бүгінде 184 теңгеден сатылуда – бұл тіпті өткен жылғы деңгейден де төмен. Сәбіздің бағасы 295 теңгеден 193 теңгеге, ал пияз 222 теңгеден 137 теңгеге дейін арзандады", – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ведомство мәліметінше, "тұрақтылықты басқа да негізгі өнімдер көрсетіп отыр".

“Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы бар болғаны 5,3% өскен. Қарақұмық жармасы 8,9% қымбаттағанымен, оның азық-түлік себетіндегі үлесі аз болғандықтан, жалпы индексіне әсері мардымсыз. Оның үстіне, макарон, ұн және күріш сияқты тауарлар бүгінде өткен жылға қарағанда арзан", – деп қосты министрлік. 

Сиыр еті инфляцияның негізгі факторы болып қала береді

Жалпы баға тұрақталуына қарамастан, баға динамикасына ең үлкен әсерді әлі де сиыр еті көрсетіп отыр. Әсіресе бұл әлеуметтік маңызды тауарлар тізіміне кіретін жауырын-кеуде бөліктеріне қатысты.

Бұл өнім азық-түлік бойынша жалпы тұтынушылық инфляцияның шамамен 2 пайыздық пунктін құрайды. Жыл басынан бері ет бағасы индексі шамамен 25%-ды құраса, сиыр еті бөлігінің бағасы – 23,6%.

Қазақстандағы ет бағасын көрші елдермен салыстыру

2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанда сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің килограмы 2 506 теңге болса, 2024 жылдың қыркүйегінде – 2 549 теңгеге, желтоқсанда – 2 572 теңгеге жеткен. Яғни, бір жыл ішінде баға айтарлықтай өзгермеген, жанар-жағармай мен электр энергиясының қымбаттауына қарамастан.

Бүгінгі таңда осы сиыр еті бөлігінің орташа бағасы – килограмы 4 715 теңге. Салыстыру үшін:

  • Ресей – 10 180 теңге;

  • Өзбекстан – 5 227 теңге;

  • Армения – 5 112 теңге;

  • Тәжікстан – 6 070 теңге;

  • Беларусь – 4 480 теңге.

Ведомство деректеріне сәйкес, Қазақстандағы бағалар өңірдегі ең қолжетімділердің бірі болып отыр.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 21 Қыркүйек, 2025 08:00
Талқылау