Қазақстандықтар проблемалық несиесі бар азаматтарға рақымшылық берілуін талап етті
Бір топ азамат Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевты "проблемалық несиесі бар қазақстандықтарға рақымшылық берілсін" деген талаппен жұмыс орнына іздеп барды. Айтуларынша, қазір мыңдаған азамат коллекторлық компанияға өтіп кеткен несиесін төлей алмай отыр. Тоқсан жеті мың азамат осы мәселесін айтып Президент әкімшілігіне де өтініш қалдырыпты. Қазақстанда жеке тұлғаларды банкрот деп танитын заң енгізілуі мүмкін бе? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
Азаматтар Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты арнайы Алматыдан іздеп келіпті. Олар несиесін төлей алмаған азаматтардың банк алдындағы қарызына рақымшылық беруді сұрап отыр. Банк пен қарыз беретін микрокредиттік компаниялар берешектің пайыздық мөлшерлемесін төмендетсін, қарызын өндіріп алу үшін коллекторларға жүгінуді тоқтатсын дейді. Айтуларынша ас-суына ақшаны әрең тауып отырған отбасылардың несие төлеуге мүлдем шамасы жоқ.
“Алдыңғы бірінші кредиттерін жабу үшін тағы кредит алып отыр. Барлығы каспи редпен төлемақы жасап отырады. Ол жерде бір оннан бірі ғана наличный ақшамен төлеп тұрады”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ләйлә Мәметова.
“Несие алушылардың құқығын қорғайтын заң қабылдану керек. Жеке тұлғаларды банкрот деп жариялайтын заң қажет! Жеке тұлғалардың несиелері заңды тұлғалардан әлдеқайда көп. Бірақ, заңды тұлғалар банкрот деп өздерін жариялай алады да, ал жеке тұлғалар болса банкрот деп өздерін жариялай алмайды!”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Тілеужан.
Тек Досаевпен сөйлесеміз деген азаматтарды тыңдауға Ұлттық Банктен ешкім шықпады. Жауаптылардың айтуынша, несиелік мәселемен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналысады. Ал, агенттік өкілдері, азаматтардың шағымын ескереміз деп отыр.
“Ол мәселелер бойынша шешімдер де бар. Яғни, коллекторлық агенттік туралы айтатын болсақ ол біздің реттеуде. Олардың істеген істеріне коллекторлық агенттік туралы заң бар. Соларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы олардың жасайтын іс-әрекеттері қарыз алушылармен реттелініп жатыр!”, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігінің бас маманы Мәди Сарбөпин.
Жеке тұлғаларды банкрот деп жариялайтын заңның қажеттігін жеті жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Кейіннен, "Ақ жол" партиясы заңның жобасын дайындағанымен, Үкіметтен қолдау таппады. Одан соң, қаржы министрлігі де заң жобасын ұсынды, бірақ депутаттар шикілік көп екенін айтып құптамады.
Ал, таяуда болған Алматыдағы традегиядан соң мәжіліс депутаты Андрей Линник тағы да осы мәселені көтерді. Әзірге Парламентке ешбір мемлекеттік орган заң жобасын ұсынған жоқ. Ал, бүгін несиеге рақымшылық сұрап келген азаматтардың арыз-шағымы Агенттік тарапынан қолдау таба ма, жоқ па әзірге белгісіз.