Қазақстандықтар пандемияны жеңіп, қалыпты өмірге қашан оралады: Профессор Алмаз Шарман айтып берді
Екпе салдырған азаматтардың күн сайын көбейіп келе жатқаны коронавирус ауруына қалай әсер етеді? Тұрғындар қашан терең тыныс алып, қалыпты өмірге оралады? Бұл сұрақтарға 31 арна-ға берген сұхбатында профессор Алмаз Шарман жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алмаз Шарманның айтуынша, міндетті түрде екпе салдыру қажет. Біз мұны неғұрлым тез жасасақ, соғұрлым тезірек біз коронавирусқа қарсы иммундық қорғанысты кеңейтеміз, осылайша коронавирустың мутациясына мүмкіндік аз болады дейді.
"Вакцинацияланбаған, иммунитеті әлсіз әрі қорғалмаған адамдардың денесінде вирус еркін үстемдік құра алады, репликациясын жалғастыра отырып көбейеді. Бұл өз кезегінде "Дельта" секілді осындай қауіпті нұсқалардың пайда болуына жол ашады", – деді Алмаз Шарман.
Сонымен бірге профессор пандемия уақытының алдағы даму мүмкіндіктерін жобалады. Оның айтуынша, пандемияның даму сценарийінің үш нұсқасы бар.
"Бірінші нұсқа бойынша, екпе күші өте тиімді болып, біз коронавирус пандемиясын ауыздықтап тіпті жеңіп шығуымыз да мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, оқиғаның бұлай дамуы екіталай, өйткені қазіргі таңда "Дельта" секілді жаңа штаммдар жаңа мутацияларды шығарып, екпенің күші оларға әсер етпей қалуы мүмкін. Сондықтан екінші нұсқа коронавирустың вакцинадан осылайша құтылып кетуіне байланысты. Алайда бұл оның жұқтыру мен қауіптілігін жоғалту арқылы болуы ықтимал. Мұндай жағдай коронавирустың бразилиялық және оңтүстік африкалық нұсқаларында болған, қазір олар туралы ешкім естімейді де. Пандемия дамуының үшінші нұсқасы бойынша вирустың "Дельта" нұсқасына ұқсас нәрсе пайда болады және ол неғұрлым жұқпалы әрі қауіпті болып шығуы мүмкін. Бұл жоспарлаудың тиімсіз түрі, одан кейін екпелер құрамын өзгертуге және қайта вакцинациялауға тура келеді", – деді ол.
Бірақ оптимистік түрде айта кетейін, коронавирустың тек 30 000 нуклеотид негізі бар және оның мутация мүмкіндігі шексіз емес.
Сондықтан қазір барлығына екпе салдыру мүмкіндігін барынша арттыру қажет, вакцинацияны кеңінен қамту арқылы мутациялардың даму мүмкіндігіне тосқауыл қоюға болады деп түйіндеді профессор.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
