Қазақстандықтар екі ай ішінде қалаған ауруханаға ауыса алады: МӘМС қандай жағдайда емхананы өзгертуге болмайтынын мәлімдеді
Қазақстандықтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында ауруханасын ауыстырғысы келетіндер қалаған медициналық орталыққа ауыса алады. Алайда тұрғындар оларға белгілі бір ауруханаларға тіркеле алмағандарын айтып шамданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қай кезде мемлекеттік қызметті көрсетуге бас тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, бұл науқан пациенттің үйіне жақын ауруханаға ауысып алуы үшін жасалған. Кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрілік терапияда немесе клиникаға жиі баруға мәжбүр пациенттердің жағдайын ескеріп, жақын маңдағы емханаға ауысуларын көздейді. Сол себепті тұрғылықты орны бойынша бас тартылуы мүмкін екенін айтады.
“Азаматтар медициналық-санитарлық көмек көрсететін 1935 ұйымның біріне тіркеле алады. Десе де, мына жағдайларда қызмет көрсетілмейді:
- Ұсынған құжаттардың немесе деректердің анық болмауы;
- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі орналасқан жерден алыс тұру;
- Балаларды тіркеген кезде заңды өкілдігін растайтын құжаттың болмауы;
- Бір жалпы тәжірибе дәрігеріне 1700 адамнан, учаскелік терапевтке 2200 адамнан, учаскелік педиатрға алты жасқа дейінгі 500 бала, 14 жасқа дейін 900 бала асқан жағдайда басқа адамдарды аурухана қабылдай алмайды”, – деді баспасөз қызметі Stan.kz сауалына.
МӘМС мәлімдеуінше, осы шектеулер арқылы ауруханадағы пациенттер санын реттейді.
Баспасөз хатшысы бұл науқан аяқталса да, емхананы ауыстыруға болатынын айтты.
“Азаматтар жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша, сондай-ақ тұрақты немесе уақытша, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырса, қаладан бір айдан астам уақытқа кетсе, ауыса алады. Сонымен қатар тіркелген емханасы қайта ұйымдастырыып, таратылса медициналық ұйымды ауыстыруға құқылы”, – деп мәлімдеді МӘМС.
Еске салсақ, Қазақстандықтар екі ай ішінде өздері қалаған медициналық орталыққа тіркеле алатынын хабарлаған едік.