Қазақстандықтар байланыс операторларындағы “автоқоңырау” қызметіне шағымдануда: Министрлік оны қалай өшіруге болатынын түсіндірді
Фото: istockphoto.com
Қазақстандықтар байланыс операторларындағы “автоқоңырау” қызметіне шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Автоқоңырау" функциясы абонентке қоңырау шалу мүмкін болмаған жағдайда немесе желі бос емес кезде автоматты түрде қайта қоңырау шалу қызметін атқарады. Жүйе белгілі бір уақыт аралығында нөмірді өзі теріп, байланыс орнағанға дейін әрекетін жалғастырады. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар бұл функцияны қалай өшіруге болатыны жөнінде шағымдар мен сұрақтарын жиі жазып жүр.
Желі қолданушыларының айтуынша, қызмет байланыс операторларында автоматты түрде, абоненттердің келісімінсіз қосылған көрінеді. Сондай-ақ азаматтар “автоқоңырау” қызметінің түсініспеушіліктерге жол ашатынын айтып шағымдануда.
Цифрлық даму министрлігің мәліметінше, заңда абонеттердің барлығынан “автоқоңырау” қызметін алып тастауға мүмкіндік беретін норма жоқ.
"Қолданыстағы реттеу ережелерінде барлық абонент үшін “автоқоңырау” қызметін автоматты түрде өшіруді қарастыратын норма жоқ. Әр абонент бұл қызметті өз бетінше өшіре алады, ол үшін операторлардың колл-орталықтарына жүгінуі қажет", – делінген министрлік хабарламасында.
Осылайша, абонент қызметті өз бетінше өшірмейінше, бұл функция әдеттегідей қосулы болып қала береді.
Tele2 компаниясының баспасөз қызметі егер абонент өзінің атынан "автоқоңыраулардың" жасалуын қаламаса, ол қызметті 611 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласып өшіре алатынын хабарлады. Компания бұл әрекеттен кейін тек Tele2/Altel абоненттерінен келетін қоңыраулар ғана өшірілетінін атап өтті.
Ал Beeline компания өкілдерінің айтуынша, абоненттер қызметті өшіру үшін 0611 немесе 116 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Kcell компаниясы қызметті өшіруге арналған арнайы бұйрықтардың барын атап өтті:
- *452# – “автоқоңырауларды” қосудың USSD-бұйрығы;
- *4520# – “автоқоңырауларды” өшірудің USSD-бұйрығы.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
