"Монша сияқты": Қазақстандықтар Алматы-Қостанай пойызына шағымданды
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандықтар аптап ыстықта Алматы-Қостанай пойызындағы вагондарда кондиционер жоқ деп шағымданды. Жағдайға қатысты тасымалдаушының баспасөз қызметі өзі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінің қолданушысы пойызда жолаушыларға жағдай жасалмағанын айтып, жазба жариялады.
“Алматы – Қостанай бағытындағы пойыз. Сыртта +40 градус, ал вагон іші тура монша секілді. Кондиционерлер істемейді. Дәлірек айтсақ, тек машинист кабинасында ғана жұмыс істеп тұр. Жолсерік қолдан жасалған кондиционерді мақтанып көрсетіп жүр. Билеттің бағасы – 20 000 теңге. Салдарынан балалардың денсаулығы сыр берді”, – делінген жазбада.
Көптің назарына іліккен жазбаға қатысты “Түрксіб-Астана" ЖШС түсініктеме беріп, қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
“№43 вагонда, алдын ала мәлімет бойынша, жол кондиционерден ақау шыққан. Қазір пойыз жолға шығарда дұрыс техникалық тексеріс жүргізілмеу фактісі бойынша да қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Сондай-ақ пойыз бригадасы қызметкерлерінің қолдан желдеткіш жасап орнатуы – жолаушыларға қызмет көрсету стандарты мен ішкі тәртіптерді өрескел бұзу болып есептеледі. Осыған жол берген жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылады. Қолайсыздық келтіргеніміз үшін жолаушылардан шын жүректен кешірім сұраймыз", – деп хабарлады "Түрксіб-Астана" ЖШС.
Пойыз құрастыру станцияға келген соң, №43 вагон құрамнан ажыратылып, кезектен тыс техникалық тексеріс пен жөндеуге жіберіледі. Сонымен қатар мұндай вагондардың жаз мезгілінде сапарға дайындығы қосымша тексерілмек.
Сондай-ақ тасымалдаушы компания жолаушылар вагондары паркін кезең-кезеңімен жаңартып жатқанын хабарлады. Қазір 65 жаңа вагон сатып алынып, пайдалануға берілген.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
