Әйелге Париж әуежайында жалған сөмке ұстап жүргені үшін 18 миллион теңге айыппұл салынды
Украиналық қыз құрбысы Париж әуежайында жалған Gucci сөмкесімен ұшқаны үшін 30 000 еуро (18 миллионнан аса) айыппұл арқалағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ru.pinterest.com
Ақпаратты tatiana13143 Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы мәлімдеді.
"Құрбым жалған Gucci сөмкесімен ұшқаны үшін Париж әуежайында 30 000 еуро айыппұл арқалады. Олар 3 айға дейін айыппұл төлеу немесе түрмеге жабу мерзімін берді. Айыппұл заттың есептік құнының 10 еселенген мөлшерін құрайды. Түпнұсқа сөмке 3 000 еуро, айыппұл 30 000 еуро", - деп жазды ол.
Оның бұл жазбасына желі қолданушылары түрлі пікір жазып жатыр. Олардың бір тобы мұның жалған ақпарат екенін айтады.
"Бүгін 1 сәуір. Ешкімге сенбеңдер!", "Бұл бос сөз. Францияда Auchan сауда орталығында заңды түрде жалған Marc Jacobs сөмкелерін, Hermes аяқ-киімдерін сатып жатыр", “Меніңше жалған ақпарат. Сәнді сөмкелер мен заттардың түпнұсқа, я жалған екенін ажырату мүмкін емес. Микрочиптер енді пайда болды. Ал Chanel мен LV оларға бірнеше жыл бұрын ие болды. Егер сөмке 5 жыл бұрын сатып алынған болса, онда чип жоқ. Тіпті Hermes пен Gucci-де де чип жоқ. Тіпті дүкендерде де сарапшылар заттарды көзбен бағалау міндетін мойнына алмай, сараптамаға жібереді. Ал мұнда жай ғана әуежай күзетшілері тексеріп отыр”, – деп жазды олар.
Енді бірі мұндай жағдайды басынан өткергенін жазып, арнайы заң енгізілгенін айтты.
"Пікірлерді оқып, адамдардың бұл туралы білмегеніне таңғалып отырмын. Бір кездері Шарль де Голль әуежайында жалған сағатпен өтуге болмайтыны жазылған плакаттар ілініп тұрды. Туристердің жалған сөмке немесе сағатпен қорықпай өте беретініне таңмын. Айыппұлдың нақты мөлшері үлкен, кім және қашан тексеретіні белгісіз. Араб киіміндегі әйелдің сөмкесінің қалай тексерілгенін өз көзіммен көрдім".
"Бір ай бұрын осындай жазба жариялап, жалған заттар үшін айыппұл салынатынын айттым. Ол кезде адамдар бұл өтірік деп маған кері шабуыл жасаған еді. Олар мұны бос сөз деп айтты", "Бұл рас. 2010 жылы мен де түпнұсқа емес сөмке және тағы бір-екі зат алып жүргенім үшін айыппұл арқаладым. Ол кезде маған 1500 еуро айыппұл салынды", "25 жыл бұрын менде Louis Vuitton сөмкесі болды. Оны Астанадан сатып алып, Францияның Лион қаласына ұстап бардым. Сол кезде мені полиция тоқтатып "сөмкең жалған емес пе, келесі жолы айыппұл саламыз" деп ескерту жасады. Содан бері түпнұсқа емес зат алмаймын", “Бұл ақпарат рас. Француз дереккөздерін іздедім. Заң Францияда 2021 жылдан бері күшінде. Жалған зат үшін ең жоғары айыппұл 300 мың еуроға (180 миллион 693 мың теңге) жетуі мүмкін. Ал ең жоғары қылмыстық жаза 3 жылға бас бостандығынан айыру. Дереккөздерге сүйенсек, сөмкенің бастапқы құнына тең айыппұл салынады”, –деп жазды олар.
Қай елдерде жалған дизайнерлік өнімдерді ұстауға тыйым салынады?
Еуропалық Одақ контрабандалық тауарлармен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Сол себепті туристер Еуропаның әртүрлі елдерінде жалған дизайнерлік тауарларды ұстап жүру үлкен айыппұлдарға әкелуі мүмкін екенін ескеруі керек. Контрабандалық тауарларды тасымалдағандарға 20 000 еуроға (12 миллион теңгеден аса) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал полиция мен кеден қызметкерлері контрабандалық тауарлармен күресу туралы заңдарды орындауда қырағылық танытып жатыр. Осы орайда жалған тауарларды тасымалдауға тыйым салынған елдерге шолу жасап көрсек.
Франция
Францияда жалған тауарларды әкелу, сату және сақтау қатаң түрде тыйым салынған. Француз Зияткерлік меншік кодексінің L716-9 және L716-10 баптарына сәйкес, жалған тауарларды импорттау, экспорттау немесе сақтау үшін үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру және 300 000-400 000 еуро көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Егер бұл әрекеттер ұйымдасқан топпен немесе адам денсаулығына қауіпті тауарлармен байланысты болса, жаза жеті жылға дейін ұлғайтылып, айыппұл 750 000 еуроға дейін жетуі мүмкін.
Кедендік бақылау және айыппұлдар
Француз кеден қызметі жалған дизайнерлік тауарларды анықтау үшін әуежайлар мен шекараларда жолаушылардың багажын жиі тексереді. Кедендік заңнамаға сәйкес, жалған тауарларды әкелу немесе сақтау үшін айыппұл түпнұсқа өнімнің құнының екі еселенген мөлшеріне дейін жетуі мүмкін. Егер бұл әрекеттер ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, айыппұл бес еселенген мөлшерге дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Германия
Германияда контрабандамен күресу шаралары тауар таңбалары туралы заңда бекітілген. Заң жалған дизайнерлік тауарларды таратуға, сатуға және иеленуге тыйым салады. Демек мұндай заттарды сатпай өзі ұстап немесе үйде сақтаған адамдарға да айыппұл салу қаупі бар. Контрабандалық тауарларды анықтау үшін неміс билігі әуежайлар мен вокзалдарда кездейсоқ тексерулер жүргізіп отырады. Жақында Германияда туристке жалған кроссовка мен футболка кигені үшін 5000 еуро (3 миллион теңгеден аса) айыппұл салынған.
Италия
Ал Италия өзінің сән индустриясын қорғауға үлкен мән береді. Legge Finanziaria мәліметтері бойынша, Италияда жалған тауарларды сатып алу, сату немесе сақтау заңсыз. Контрабандалық тауарларды таратуға тыйым салу туралы заңнаманы бұзған адам 1 000-нан (600 мың 640 теңге) 12000 еуроға (7 миллион теңгеден аса) дейін айыппұл төлейді.
Испания
Испанияда контрабандалық тауарлармен күресу үшін туристік бағыттарда қатаң заңдар енгізілген. Испанияның Қылмыстық кодексіне сәйкес, контрабандалық тауарларды сатуға және сақтауға қатаң тыйым салынады.
Испания полициясы мен кеденшілері туристер арасында танымал базарлар мен сауда орталықтарын жиі тексереді. Контрабандалық тауарларды сақтағаны үшін айыппұл 2500 еуроға (1,5 миллион теңге) дейін жетуі мүмкін. Ал көше базарларында жалған дизайнерлік өнімдерді сатып алу үшін 20 000 еуроға дейін айыппұл салынады.
Швейцария
Швейцарияның тауар таңбалары мен шығу тегі көрсеткіштерін қорғау туралы федералды заңында контрабандалық тауарларды әкелуге және сақтауға тыйым салатын қатаң ережелер бар. Бұл заң басқалармен қатар швейцариялық брендтердің беделін сақтауға бағытталған.
Швейцарияның кеденшілері елге онтрабандалық тауарлардың жеткізілуіне және айналымына жол бермеу үшін шекаралар мен әуежайларда мұқият тексеріс жүргізеді. Жасанды дизайнерлік тауарларды тасымалдау 12 000 еуроға дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін. Екінші жағынан, онтрабандалық тауарларды ұстаған туристерге немесе жергілікті тұрғындарға 2 500 еуроға (1,5 миллион теңге) дейін айыппұл салынады.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
