Қазақстандық жүздеген жүк көлігі шетелдік рұқсат бланкілеріне байланысты қатынай алмай отыр
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандық жүздеген жүк тасымалдаушы компаниялардың көліктері бұғатталып, қозғалыссыз тұр. Көптеген жүк көлігі қазір шекарада, тұрақтар мен жол жиегінде жүктерімен тиілген күйі қалған. Себебі компания иелерінің айтуынша, олар заңсыз жолмен алынған шетелдік рұқсат бланкілерінің иесіне айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, бүгінде олардың көпшілігі техникалық ақауға емес, VIN-код бойынша қойылған бұғаттауға байланысты тоқтап тұр.
Жүк тасымалдаушылардың айтуынша, мәселе рұқсат бланкілерімен байланысты алыпсатарлық әрекеттерден туындаған. Бұл бланкілерсіз жүк көліктерінің шетелге шығуы немесе елге кіруі мүмкін емес.
Жүк тасымалдаушы компанияның құрылтайшысы Александр Жулинскийдың айтуынша, қаңтар айынан бері рұқсатты заңды түрде алу айтарлықтай қиынға соғып отыр.
“Біз ашық жұмыс істегіміз келеді. Иә, кейде бланкілер жетіспейді. Бірақ егер біз еш заң бұзбасақ, неге бұғатталуымыз керек? Егер біреу оны сатып жіберсе, неге солар жазаланбайды?” – деді құрылтайшы.
Көптеген компания өкілдері рұқсат бланкілерін ресми E-License порталы арқылы алу қиын екенін айтады.
Сондықтан кейбірі оларды Telegram-арналар арқылы қымбат бағаға сатып алған.
Жүк тасымалдаушы компанияның өкілі Құралай Шойбекова қазір кез келген бағытқа арналған бланкілер қара базарда бар екенін айтады.
“Мемлекеттік бағасы 3932 теңге болса, бейресми нарықта ол 500 доллардан 2000 долларға дейін сатылады”, – деді жүк тасымалдаушысы.
Жүргізушілердің айтуынша, енді отандық жүк көліктерінің орнын шетелдік тасымалдаушылар басуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қазақстандық нарық пен тұтынушыларға да әсер етеді.
Көлік бақылауы комитеті басқармасының басшысы Ғани Салмаевтың мәліметінше, егер шетелдік рұқсат бланкілері заңсыз алынғаны анықталса, компания екі жылға автоматты түрде бұғатталады.
“Бұл талаптың негізгі мақсаты – отандық тасымалдаушылар үшін тең әрі ашық жағдай қалыптастыру”, – деді Ғани Салмаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда автокөлік пен жүк көліктерін мемлекетаралық шекарадан өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілетінін жаздық. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген жаңа жобаға сәйкес, көліктер енді ақылы электронды кезек жүйесі арқылы өтеді. Құжатта жалған ақпарат бергендер мен брондалған уақытты пайдаланбағандарға жауапкершілік енгізу, өткізу бекеттерінің маңында күту аймақтарын салу және жедел өту үшін ақылы режим қарастыру ұсынылған. Сондай-ақ тез бұзылатын және қауіпті жүктерге басымдық берілетін жеке слоттар енгізу жоспарланып отыр.
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады