Қазақстандық жігіттер қыздың қалың малын несие секілді бөліп төлейтін болған
Қыз жасауын несиеге алатындар көбейді. Мұны бұрымдылардың дүние-мүлкін дайындайтын шеберлер айтып отыр. Сондай-ақ соңғы кездері қалың малдың ақшасын бөліп төлеп, амалын табатын жігіттер де бар. Бұл бастаманы этнографтар да қолдауда. Екі жастың тойына дейінгі түрлі салт-жоралғыларға шығындалып, тойдың өзінде борышқа белшесінен бататындар туралы оқи отырыңыз.
Бұл туралы Еуразия арнасы хабарлайды.
Той-томалақ үшін несие алу көп қазақстандыққа әдетке айналғаны қашан. Енді бұған жаңа үрдіс қосылуда. Қазіргі таңда қыздың жасауын да, қалың малды да несиеге рәсімдеп, бөліп төлейтіндер көбейген. Құда-құдағилардан ұят болмасын дегендер амалсыздан осылай жасауға мәжбүр дейді мамандар. Алайда мұны жұрттың бәрі дерлік құптай бермейді.
"Қазір құрбыларымының басым көбіне қалың малды бөліп төлейді. Негізі өз басым қарсымын", - деді қала тұрғыны Әсел Бақтиярқызы.
Этнограф Қалжан Қайратұлы қазіргі қиын кезеңде әркімнің көрпесіне қарай көсілгені жөн дейді. Ал жігіттердің қалың мал төлеуге жағдайы болмаса, оның басқа жолын тапқаны дұрыс. Мәселен...
"2 миллион деп қоятын болса, қалың мал үшін ажырасып кеткен бар. Қалың малды төлеуге байланысты. Жігітке сол ситуациядан шығудың жолдарын іздеу керек. Мен қыздарыңызды бақытты ете аламын. Кредит алудың да қажеті жоқ. 500 мың берейін одан кейін тағы 500 мың!", - деді этнограф-тарихшы Қалжан Қайратұлы.
Кәсіпкер Дина Хайса да тұрмысқа шығатын бұрымдылардың жасауды несиеге алатынын жасырмайды. Бағасы да карантинге қарай өзгерген емес дейді.
"Бөліп төлеуге алады. 50 пайызын төлейді. Қалған сомасын 1-2 айға бөліп алады. Қалтасына қарайды. Бір көрпеше, төр көрпе 10 мыңнан басталады, 20 мыңға дейін", - деді қыз жасауын сатушы Дина Хайса.
Бүгінде қыз жасауы қымбат заттарымен бағалы. Мәселен, қазір көрпе-төсектің жанына қымбат техникалар, смартфон, алтын бұйымдар, тіпті су тазалайтын фильтр да бар. "Сайып келгенде, халықтың көбі оны несиеге рәсімдейді" дейді Сұлушаш апай.
"Бірінен бірі асырып жатыр, кредиттерді алып белшесінен қарызға батып жатыр. Бұл өте орынсыз, ысырап болмау үшін, екі жақ келісу керек", - деді тұрғын.
Қалың малды несиеге рәсімдеп, бөліп төлеуге жұрттың дені қарсы. "Миллиондап теңгені далаға шашқаннан гөрі, жастар болашағаны алаңдаған дұрыс" дейді біз тілдескен жандар.
Деректерге жүгінсек, елімізде тіркелген некенің 40 пайызы көп ұзамай ажырасумен аяқталады екен. Ал "несие", "бөліп төлеу" сізбен мәңгілікке бірге.