Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жігіт күніне 4 бөтелке энергетик ішкеннен реанимацияға түсті

энергетиктің кесірінен реанимацияға түсті

Фото: Pixabay.com

Екі жыл бойы күніне төрт бөтелке энергетик ішкен павлодарлық жігіт жүрегі ауырып, реанимацияға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

20 жастағы науқаста ентігу, ауа жетіспеу, жүрек соғысының жиілеу, тәбетінің төмендеуі байқалған. Жігіттің айтуынша, ол бұрын жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырмаған.

"Оның жағдайы ауыр. Науқас алдымен реанимацияда емделді, содан кейін ол созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөліміне ауыстырылды", – дейді облыстық кардиология орталығының дәрігері, PhD докторанты Айнұр Шүкімбаева.

Энергетикалық сусындарды ішу салдарынан оған токсикалық кардиомиопатия және ауыр жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылды.


Энергетикалық сусындар харам ба – ҚМДБ үкім айтты


Көкшетауда энергетикалық сусын ішкен жасөспірімнің асқазаны тесіліп қалған (видео)


Биыл кардиологиялық орталыққа төрт адам түскен.

"Ағза белгі береді. Жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, мазасыздық, бас айналу, бас ауруы және ұйқысыздық байқалады. Егер осы белгілердің кем дегенде біреуі энергетикалық сусыннан кейін пайда болса, кардиологқа бару керек”, – деді маман.

Егер адамның аритмияға бейімділігі болса, энергетикалық сусын қабылдағаннан кейін 30-90 минут ішінде жүрек ырғағы өзгереді. Оның үстіне алкоголь ішіп, есірткі тұтынса немесе стресске түссе, қауіп бірнеше есе артады.

"Әдетте барлығы кезең-кезеңімен дамиды. 20-40 минуттан кейін импульс жиілігі мен қан қысымы көтеріледі. Бір жарым сағаттан кейін жүректе үзілістер басталуы мүмкін, мазасыздық пен бас ауруы пайда болады. Содан кейін шаршау, зейінді жоғалту, "инфаркт пайда болады. Соңында жүрек тоқтап қалуы мүмкін.

Энергетикалық сусындар әсіресе 25-40 жас аралығындағы ер адамдарда жүрек ауруы қаупін арттырады.

Сусынның ішіндегі ең қауіпті компоненті – кофеин. Бір бөтелкеде 3-4 кесе кофеге тән таурин, гуарана, женьшень сияқты басқа стимуляторлар бар. Жүрек пен қан тамырларына жүктеме күрт артады.

Егер жарты сағат ішінде жағдай дұрысталмаса, әлсіздік пайда болса, жедел жәрдем шақыру керек. Мұндай жағдайларда өзін-өзі емдеу қауіпті.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 17:14
Талқылау