Қазақстандық жігіт қалыңдықтарын "үйленемін" деп алып, миллиондап несие рәсімдеткен

Фото: ЖИ
Алматыда ер адам үйленем деп сендіріп, қалыңдықтарын қарызға батырған. Сүйіктілерінің атына қомақты сомада несие алғызған ер адамға қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
28 жастағы Рамазан Исхаров 2022 жылдан бастап қыздарды алдап соғып келген. Өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған жігіт үйленемін деп сендіріп, олардың атына несие рәсімдеген. Төрт жәбірленушіге келтірілген жалпы залал – шамамен 80 миллион теңге. Зардап шеккендердің пікірінше, алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Ер адамның әрекетінен үш қыз бен өзінің досы зардап шеккен. Бір “қалыңдық” баспанасынан айырылып қала жаздаса, екіншісін соққыға жыққан.
“12 миллион теңгеге несие алдырып, үйленем деп уәде беріп, ғайып болды”, – дейді жәбірленушінің бірі.
21 қазанда сотта жәбірленуші куәлік берді. Ол Исхаровпен алғаш фотосалонда танысқан. Қыз ол жерде кеңесші болып жұмыс істеген. Ер адам досымен бірге келіп, кейін сол досы қыздың нөмірін сұраған. Осылайша, таныстық басталған. Қыздың айтуынша, ол алғашқы кездесуде-ақ қыздан “Кіммен тұрасың, пәтер жалдайсың ба, бұл үй өзіңдікі ме, несиең бар ма?” деп сұрай бастаған. Ол бұған дейін ешқашан несиесі болмағанын айтады.
Бір аптадан соң Исхаров сылтау айтып, қызға 700 мың теңге көлемінде несиеге алуға көндірген. Кейінірек 200 мың теңгеге киім, содан соң бірнеше микроқаржылық ұйымдар мен банктен тағы несиелер рәсімдеткен. Сонымен қатар, ол қыздың банктік картасын да алып алған. Кейін жәбірленушінің картасынан 750 доллар жоғалып, тағы 1,4 миллион теңге несие рәсімделгенін білген. Тергеу актісіне сәйкес, қыздың атына рәсімделген қарыздың жалпы сомасы 11 миллион 980 мың теңгеге жеткен.
“Исхаров қарызды қайтару туралы сұрақтарға әркез “Біз үйленеміз, бәрі жақсы болады” деп жауап беріп жүрді”, – дейді алданған қыз.
Исхаров ақшаны бизнеске жұмсаймын деп сендірген. Қыздың сөзінше, атынан таксопарк ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеткен. 2023 жылдың қарашасында ол қызды пәтерін кепілге қоюға көндірген.
“Исхаров жұмыс орнына келіп, мені кеңсеге апарды. Онда нотариус пен бірнеше адамның көзінше құжаттарға қол қойдырды. Гүлмира есімді әйел сейфтен 6,5 миллион теңге шығарды. Сол ақшаны Исхаров алып, жоқ болды. Исхаровтың анасы Гүлмираға 7,5 миллион теңге қайтарғаннан кейін пәтерімді сақтап қалдым”, – дейді жәбірленуші.
Қыздың айтуынша, Исхаров оны полицияға арызданбау үшін үнемі қорқытып, манипуляция жасап келген.
“Егер біреуге айтсаң, “ештеңе төлемеймін” деп қорқытты. Өзінің полицияда істегенін, әпкесі де органдарда екенін айтып, ешкімнің оған ештеңе істей алмайтынын жиі қайталайтын. Бірнеше рет арыз жазуға тырыстым, бірақ оны қабылдамады. Тек 2024 жылдың 15 наурызында Алатау аудандық полициясында Исхаров ақша қайтарамын деп уәде берген, бірақ сөзінде тұрмады. Қарыз бен қысымнан депрессияға түсіп, өз-өзіме қол жұмсамақ болдым”, — деді қыз.
28 жастағы Рамазан Исхаров мына баптар бойынша айыпталып отыр:
- Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы – ірі көлемде жасалған алаяқтық;
- Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі – ұрып-соғу.
Исхаров сотта кінәсін мойындап, шығынды өтеп беруге дайын екенін айтты. Ол тек қызға көмектеспек болғанын, 180 мың теңге алып, кейін қайтарғанын айтты. Сондай-ақ ол өз картасы қарызға байланысты бұғатталғандықтан қыздың картаны пайдаланғанын, ал жеке кәсіпті де өз атына тіркей алмағанын айтып ақталды.
Адвокаттың “Неге 2,5 жыл бойы тергеуден жасырындыңыз және елден кетпек болдыңыз?" деген сұрағына ол “Мен жасырынған жоқпын, тек Өзбекстандағы балама көмектесу үшін шекара асқым келді” деп жауап берді. Сот барысында Исхаровтың ешқашан полицияның штаттық қызметкері болмағаны анықталды. 2017 жылы Ауэзов аудандық полиция бөлімінде жарты жыл тәжірибеден өткен екен.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді