Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 миллиард теңгеден аса инвестиция салған: Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысына халықаралық іздеу жарияланды

"Sax Invest" қаржы пирамидасының қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оған инвесторлар 1 миллиард теңгеден астам  қаржы құйған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, "Sax Invest" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.



Агенттік дерегінше, компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздардың, қаржы құралдарының және басқа да активтердің иесіміз деп таныстырған. Сондай-ақ Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсеткен.

Ведомство "Sax Invest" тіркеуден өтпегенін және қаржы нарығында жұмыс істеуге лицензиясы жоқ екенін айтты. Сонда-ақ оның қызметі қаржылық пирамидаға тән белгілерге ие болған:

  • жылдық 24-36%-ға дейін жоғары кірістілік уәдесімен бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте агрессивті және жаппай жарнаманың болуы;
  • ұйымның қаржылық жағдайы, меншікті негізгі құралдары, басқа активтері туралы қандай да бір ақпараттың болмауы.

Агенттік мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында пирамидаға мыңнан астам адам 1 миллиард теңгеден астам инвестиция салған.

"Облыстық прокуратураның келісімімен облыстағы пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған Қазақстан азаматы күдікті ретінде ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында", – делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.

"Филиалдары республика бойынша жұмыс істейтін Sax Invest қаржылық пирамидасының ұйымдастырушысы С.Меңдіғалиевқа халықаралық іздеу жарияланды", – делінген агенттік хабарламасында. 

Агенттік қаржы пирамидасының алаяқтық әрекетіне тап болған азаматтардан тұрғылықты жері бойынша экономикалық тергеу бөліміне хабарласуды сұрайды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жұртшылық инвестиция арқылы қаражат табамыз деп қомақты ақша салған "Sax Invest" сайтының ұйымдастырушысы ұсталғаны хабарланған еді.  

Талқылау