Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық полиция қызметкері эпилепсиямен ауыратын адамды жазықсыз жерге құлатып, қолына кісен салған

Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында полиция қызметкері  II топтағы мүгедектігі бар азаматқа бұзақылық жасады деген айып тағып, оны жерге жатқызып, қолын қайырып, қамауға алған. Тіпті сотқа бергеннен кейін ол 129 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелген екен. Алайда аппеляциялық сот керісінше, полиция қызметкерінің заң бұзғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға Жилгородок ауданындағы алаңда басталған. Полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, балағат сөз айтып, кейін қарсылық көрсетті деп мәлімдеген. Оған ұсақ бұзақылық (ҚР ӘҚБтК 434-бап) және билік өкіліне қарсы әрекет жасау (ҚР ӘҚБтК 667-бап) баптары бойынша айып тағылды. Әкімшілік сот ер адамды 129 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Сот шешімінде оның II топтағы мүгедектігі бар екені жазылып, бұл жеңілдететін жағдай ретінде ескерілген.

Алайда ер адам бұл шешімге шағым түсірді. Апелляциялық сотқа берген өтінішінде ол: II топтағы мүгедекігі бар екенін, сөйлеу қабілеті бұзылғанын, көлік қағып кеткеннен кейін эпилепсиямен ауыратынын (айына 7 ретке дейін ұстамасы ұстайтынын), невропатологтың есебінде тұрғанын айтқан.

Сот істі қайта қарап, психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындады. Сараптама оның жағдайы өте ауыр екенін көрсеткен. Атап айтқанда, жеке тұлғалық бұзылысы бар, эпилепсия, IV дәрежелі есту қабілетінің төмендеуі, сөйлеу кемістігі, бас сүйегіне бұрын трепанация (операция) жасалғаны көрсетілді. Мұндай денсаулық жағдайында адам өзін қорғай алмайды. Сондықтан әкімшілік сот бұл істі қараған кезде оған қорғаушы (заңгер) тағайындауы керек болған. Алайда бұл орындалмаған.

Бұл мүмкіндігі шектеулі азамат бастан кешірген жалғыз әділетсіздік емес. Сот алқасы оның ұсталған сәтінің бейнежазбасын қарап, онда мүгедек адамның полицияға ешқандай қарсылық көрсетпегенін анықтады. Керісінше, полиция қызметкерлері еш түсініктеме берместен, ешбір заңды талап қоймастан оны жерге құлатып, қолына кісен салып, алып кеткен.



Яғни, оның тарапынан ешқандай бұзақылық та, қарсылық та болмаған. Соның нәтижесінде Ақтөбе облыстық сотының алқасы бұл істі құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатты.

Сондай-ақ сот алқасы полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіповтің атына жеке қаулы шығарып, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының инспекторы заң талаптарын өрескел бұзғанын атап өтті. Осыдан кейін өзінің кінәсіз екенін дәлелдеген ерекше қажеттілігі бар азамат Қаржы министрлігін сотқа беріп, заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны үшін 2 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етті.

Сот талап-арызды қанағаттандырды, бірақ өтемақы сомасын азайтты. Судья Сатанов Қаржы министрлігін азаматқа моральдық зиян үшін 200 мың теңге төлеуге міндеттеді. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 14:55
Талқылау