Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық өндірушілерге қойылатын талаптар өзгереді: Тоқаев заңға қол қойды

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды", – делінген хабарламада. 

Түзетулердің бірінші блогында Қазақстан тауар өндірушілер тізілімі енгізілді. "Электрондық үкімет" арқылы жұмыс істейтін тізілімде отандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер қамтылады. Тізілімге енгізілген тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болады. Сондай-ақ олар мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларына қатыса алады. 

Тізілімнің қолданысқа енуіне байланысты бұрын тауардың шығу тегін растау үшін пайдаланылған СТ-KZ және индустриялық сертификаттарын, сондай-ақ сараптама актісін беру кезінде тәртіпті бұзғаны үшін белгіленетін әкімшілік жауапкершілік заңнамадан алынып тасталды.

Түзетулердің екінші блогы елішілік құндылықтар институтын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Осы мақсатта үкімет бекітетін ережелерге сәйкес, ірі тапсырыс берушілерге ел ішіндегі құндылықтарды дамыту бағдарламаларын бекіту және іске асыру міндеті жүктеледі. 

Өнеркәсіпті дамыту үшін келісімшарттың жаңа түрі – кепілдендірілген сатып алу келісімшарты енгізілді. Бұл шартқа сәйкес өңдеуші кәсіпорын өзінің өндіріс алаңында өндірілген тауарлардың кепілді көлемін ұзақ мерзімді негізде жеткізіп беруге міндеттенеді.

Түзетулердің үшінші блогы кодтар мен атауларды жүйелеу арқылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жіктеудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ететін Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын (ТЖКҚЖС) енгізуді және жүргізуді көздейді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев букмекерлік кеңселер туралы заңға қол қойған еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 20:40
Талқылау