Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Лондонға бағыт алған ұшақта адам өмірін құтқарып қалды

Фото: threads.com/@allldiyar

30 мамыр күні Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Лондонға бағыт алған KC 663 рейсте отандасымыз жолаушының өмірін құтқарып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұшып шыққаннан кейін шамамен 50 минут өткен соң, ұшақ Бішкек қаласының үстінен ұшып бара жатқанда жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезінді. Threads желісін қолданушының айтуынша, қыздың қан қысымы күрт көтеріліп, ентігу мен жүрек тұсында ауырсыну пайда болған. Кенет жағдайды күрт нашарлай бастаған. Сол сәтте жанында отырған жолаушылар бірден бортсеріктерге хабар берді. Ұшақ бортында экипаж мүшелері медициналық қызметкерлерден көмек сұраған. Жазба авторының айтуынша, төтенше жағдай кезінде ұшақты Қырғызстанға шұғыл қондыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Абырой болғанда , ұшақта 20 жылдан астам еңбек өтілі бар қазақстандық дәрігер болған. Ол жазба авторының әпкесі екен.

“Біраз уақыттан кейін менің әпкем – акушер-гинеколог – келіп, экипаждың әрекетін үйлестіріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Экипаж мүшелері қыздың ағзасы мұндай жағдайға шыдай ма деп сұрап жатты. Бірақ 30-40 минуттан кейін қыздың жағдайы жақсарып, тұрақтанды. Ұшақ Лондонға қарай сапарын жалғастырды", – деп жазды автор.

Әуе компаниясы ұшақта болған жағдайды растады. Сондай-ақ экипаждың барлық әрекеті халықаралық қауіпсіздік хаттамаларына толық сәйкес орындалғанын атап өтті.

“30 мамыр күні Алматы – Лондон бағыты бойынша орындалған KC 663 рейсі кезінде ұшып шыққаннан көп ұзамай жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезінді. Бортсеріктер жедел түрде алғашқы көмек көрсетіп, оттегі баллонын қосып, көмек сұрап,хабарлама жасады. Бұл хабарламаға жауап берген жолаушы – дәрігер әйел зардап шеккен жолаушыны қарап, қажетті дәрі-дәрмектерді берді. Экипаж сондай-ақ Medlink медициналық қызметімен байланысқа шығып, жолаушының жағдайын бақылау бойынша олардың нұсқауларына сәйкес әрекет етті", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ Лондонға қонған сәтте жолаушының жағдайы тұрақталған еді. Әрі қарай оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп болмаған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 15:13
Талқылау