Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық құрылыс салушыларды пәтерлерді тек қолма-қол ақшасыз сатуға міндеттемек

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құрылыс салушыларға қатысты Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді. Оның айтуынша, келешекте еліміздегі құрылыс салушылар пәтерлерді тек қолма-қол ақшасыз сатуға міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Сенаттың Taldau Talks подкасты барысында ол бұл құжат құрылысшыларға 12% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) салуды қарастыратынын еске салды. Алайда кәсіпкерлер балама салық – инфрақұрылымдық салық енгізуді ұсынды. Мұның мөлшері тұрғын үй класына байланысты әр шаршы метр үшін 40-60 доллар аралығында болмақ.

"Бірақ, шынын айтсақ, бізді салықтан гөрі осы пәтерлерді сату схемасы көбірек алаңдатады. Шын мәнінде, әрбір тұрғын үй кешені – жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС), ал негізгі компания тек бренд ретінде әрекет етеді. Ал сатылымдар жеке кәсіпкер арқылы жүреді. Сондықтан біз бұл мәселені жаңа Салық кодексінің аясында шешеміз. Құрылыс компаниясы өзі салып, өзі сатуы керек және сатуды B2C (тұтынушыға тікелей) арқылы, тек қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізуге тиіс. Бұл салада ешқандай салықтан жалтару болмауы керек. Біз бұл саланы ретке келтіруіміз керек. Неге? Өйткені қазір біз оған орасан зор қаражат құйып отырмыз", – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер ҚҚС мөлшерлемесінің артуына байланысты жылжымайтын мүліктің қымбаттауына алып келеді.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрылыс салушылар үшін 16%-дық қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасы енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтерілуі мүмкін екенін жаздық. Мұны ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин хабарлады. Шенеуніктің айтуынша, тұрғын үй құрылысына пайдаланылған материалдар ескі бағамен алынғандықтан, салынып біткен пәтерлер қазіргі бағамен сатылады.

Талқылау