Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина АҚШ-тың "Батыл әйел" халықаралық сыйлығымен марапатталды

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын берді. Марапаттау рәсімі Вашингтондағы Ақ үйде өтті. Оған Төреғожинадан бөлек, әлемнің өзге елдерінен 10 әйел іріктелген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Торегожина

Бақытжан Төреғожина 25 жыл бойы адам құқығын қорғаумен айналысып келеді. Сонымен қоса ол 2022 жылғы қаңтардан бері Қаңтар оқиғасының құрбандарына көмек беру және оқиға кезінде адам құқығы бұзылғанын құжаттау жөніндегі Qantar 2022 коалициясына жетекшілік етеді.

"Кәсіби жолында Төреғожина азаптау, зорлық-зомбылық және саяси қудалау құрбандарының мәселесін қозғауда белсенді болды. Осы жұмысты атқарғаны үшін қорқытып-үркітуге және харассментке душар болды. Оның ондаған жылға ұласқан еңбегі құқық қорғаушылардың үкіметтерге жауапкершілік жүктеуде, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтуда зор рөл атқаратынын дәлелдеп отыр", - деп жазды АҚШ мемлекеттік департаменті.

Өз кезегінде Бақытжан Төреғожина әріптестеріне алғысын білдірген.



"Куәгерлермен және зардап шеккендермен жүздеген сұхбат жазылды, жаппай оқ атудың мыңдаған құжаты, суреті және видеосы жиналды. Бұл жұмысты болашақта ешкім тарихты бұрмаламасын деп жасадық. Қасіретті қаңтар оқиғалары халықтың санасында сол күйі сақталуы тиіс", - деді құқық қорғаушы.

Марапаттау рәсімі 8 наурызда Ақ үйде өтті. Оны мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен АҚШ-тың бірінші ханымы Джилл Байден жүргізген.

Бұл сыйлық Сыйлық 2007 жылғы наурыздан бері жыл сайын беріліп келеді. Ол бейбітшілікті, әділеттілікті, адам құқықтарын, гендерлік теңдікті және әйелдер мен қыздардың құқықтарын кеңейтуді қорғауда ерекше батылдық, күш пен көшбасшылық көрсеткен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әйелдерді құрметтеу мақсатында беріледі. 17 жыл бойына әлемнің 80-нен астам елінен 180-нен астам әйел осы сыйлыққа ие болған.

Талқылау