Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық көпбалалы аналарға 8 наурызға орай 39 мың теңгеге дейін біржолғы төлем беріледі

Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға әкімдік тарапынан бір реттік қаржылай көмек беріледі. Кейбір өңірлерде бұл көмек мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагерлерге де қарастырылған. Әр қалада төлем мөлшері әртүрлі, ал кейбір өңірлерде биыл бюджеттен мұндай қолдау бөлінбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі зерттеп көрді.

Фото: Stan.kz

Астанада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 36 мыңға жуық көпбалалы және аз қамтылған анаға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем мөлшері – 2,5 АЕК (9 830 теңге). Қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп, "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы Астанада тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға аударылады.

Ал Шымкентке  "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана" және "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған аналарға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі. Бұл қалада жалпы есепте 67 741 көпбалалы ана бар. Оның ішінде "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері – 13 805, ал 4-5 баласы бар аналар – 53 936.

Түркістанда облысында көпбалалы аналардың саны айтарлықтай жоғары. 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар 117 927 ана тіркелген. Оның ішінде "Батыр ана" атанғандар – 2 175, "Алтын алқа" иегерлері – 18 570, ал "Күміс алқа" таққандар – 43 413. Сонымен қатар I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған 3 264 ана бар.

Әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде аудандық және қалалық бюджеттен 63 мыңнан астам адамға 484,8 миллион теңге бөлініп, әр анаға орташа есеппен 2 АЕК (7 864 теңгеден) берілмек. Бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 265 отбасының 62%-ы, яғни 3 252-сі көпбалалы отбасылар.

Алайда Маңғыстау облысы дәл осындай соманы 22 наурызға орай табыстамақ. Осылайша өңірдегі 12 686 адамға 99,7 миллион теңге төлем жасалады.

Солтүстік Қазақстандағы "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ең көп бірреттік төлем төленеді. Әрқайсына 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 39 320 теңге. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде көмек қарастырылған.

Ұлытау облысында көпбалалы аналар мен отбасыларға әлеуметтік қолдау үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бірреттік төлем тағайындалды. Осы ретте 2 711 көпбалалы анаға 20 мың теңгеден төленеді. Тағы 6 454 көпбалалы отбасыға (төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе балалары күндізгі оқу нысанында білім алатын отбасыларға) 20 мың теңгеден бөлінеді.

Мерекеге орай Қарағанды облысындағы 11 ауданға төлемақы берілмек. Тізімге Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары кіріп отыр. Бұл аймақта 32 441 адамды қамту жоспарланған. Жалпы бюджет – 861,2 миллион теңге. Мұнда әр анаға 20 мың теңге берілмек. 

Павлодарлық аналарға да мереке қарсаңында осы мөлшерде төлем беріледі. Биыл облыста бұл көмекті атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 750-ден астам көпбалалы ана алады.

Келесі кезекте Ақмола облысындағы көпбалалы аналарға 2-ден 5 АЕК-ке дейін (7 864 – 19 660 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған.

"Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес 6 010 әйел тіркелген. 

  • 2 123 ана – "Алтын алқа" иегері,
  • 3 452 ана – "Күміс алқа" иегері,
  • 234 ана – I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерінің иегері,
  • 201 ана – бұрын "Батыр ана" атағын алған.

Ал Шығыс Қазақстандағы көпбалалы аналар 15 мың теңге мөлшерінде төлемақы алады. 

Десе де төлемдер Алматы қаласы және Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Батыс, Абай, Алматы, Жетісу облыстарында қарастырылмаған.

Талқылау