Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Деректер арқылы ауруды анықтауға болады": АҚШ-та білім алып, қызмет етіп жүрген отандасымыз математика мен мотивация туралы

Алматылық Алия Массачусетс штатындағы Кембридж қаласында стартап инкубаторда деректер талдаушысы болып жұмыс істейді. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында отандасымыз деректер талдауының не екенін, математиканың еліміздегі дамуы мен қазақстандық қыздарға арналған жобасы жайлы айтып берді.

Қазақстанда РФММ-ді бітірдім, кейін Массачусетс штатындағы Бостонда орналасқан Northeastern University-ді математика мамандығы бойынша тәмамдадым.

Қазір Массачусетс штатындағы Кембридж қаласындағы стартап инкубаторда деректер талдаушысы болып жұмыс істеймін. Онда деректерді жинаймын, өңдеймін, зерттеймін және түсіндіремін. Мен сондай-ақ өнімдердегі KPI (Key performance indicator) көрсеткіштерін талдауға және жаңа өнімдерді әзірлеу үшін деректерден зерттелген инсайттарды қолдануға жауаптымын.

 

2000 сағат бойы деректер талдаушысы ретінде жұмыс істедім

Мен 18 жасымда мектепті бітіргеннен кейін Бостонға көшіп келдім. Университетте бірінші жыл қаншалықты қиын болғаны әлі есімде, өйткені мен бұрын-соңды ағылшын тілінде сабақ алған емеспін. Ағылшын тілінің жылдамдығына бейімделу оңай болған жоқ, бірақ осы жолды өткен көптеген халықаралық студенттің көмегі тиді. Дәрістерде ақпаратты жақсы білу үшін мен рефераттарды тек ағылшын тілінде жазып, шетелдіктермен және жергілікті адамдармен көбірек сөйлесе бастадым және қосымша бірнеше үйірмелерге жазылдым.

Маған өзімнің кестемді құрастырып, профессорларды таңдай алатыным ұнады. Менің университетімде "co-op" деп аталатын бағдарлама  - оқу кезінде міндетті 6 айлық тағылымдама болды. Осы бағдарламаның көмегімен мен университетті бітіргенге дейін 2000 сағат бойы деректер талдаушысы ретінде жұмыс істей алдым.

 

Small-talk мәдениетіне үйрене алмай келемін

Мен Бостонға ғашықпын. Ол Америкадағы мәдени және білім беру шаңырағы болып саналады, сонымен қатар ұлтаралық шаһар. Мен әрқашан бір нәрсені үйренетінімді сезінемін, өйткені менің айналам және Бостон тұрғындары оқуды жақсы көреді.

Бостонда тұру қымбат және салықтар жоғары, бірақ бұл қаланың және көлік жүйелерінің жақсы инфрақұрылымымен өтеледі.

Сондай-ақ, мен әлі де small-talk мәдениетіне үйрене алмаймын. Small talk-бұл ауа райы сияқты мәнсіз тақырыптарда қысқа әңгімелер айту. Мұндай әңгімелер көбінесе ыңғайсыз үзілістерді болдырмау үшін, ұзақ кезекте уақыт өткізу үшін жүргізіледі. Кейбіреулер мұны қажетті адамдармен танысу үшін пайдаланады.

 

Әйелдер ерлермен бірдей мүмкіндіктерге ие болуына басымдық беріледі

Мұнда әйелдер ерлермен бірдей мүмкіндіктерге ие болуына баса назар аударылады. Сондықтан гендерлік теңсіздікті төмендетуге бағытталған конференция, соның ішінде STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бойынша іс-шаралар көп. Өзім қатысқан бірнеше конференциялар:

Grace Hopper конференциясы - Tech-тегі қыздарға арналған ең үлкен конференция (15000 қатысушы);

Seattle Geek Girls Dinner - Сиэттлдегі компаниялар ұйымдастыратын Tech қыздарға арналған іс-шаралар;

WeCode - әйелдер инженерлері коды, әр ақпан сайын Гарвардта өтетін студенттерге арналған конференция. Бұл тек қатыстқан іс-шараларымның аз ғана бөлігі және осылардың әрқайсысы маған үлкен әсер қалдырды: жаңа нәрсе ойлап табуға мотивация, ешқашан өзіне сенуді тоқтатпауға деген сенім берді.

Берік достыққа айналған жаңа таныстық, ал кейбіреулері менің тәлімгерлеріме айналды. Мұнда STEM-дегі қыз ретінде мен басқа қыздардан, жұмыс істейтін адамдардан, профессорлардан және бүкіл индустриядан үлкен қолдау сезінемін. Мұндай атмосферада менің ойымша, қыздар өздерінің әлеуетіне сенеді және бұрын таза ер адамның жұмысы деп саналған іспен айналысудан қорықпайды.

Қазақстанда қыздар арасында техника, инженерияны дамытпақпыз

Осы себептен Tech Qyzdar конференциясын - 29-31 тамызда Қазақстанда қыздарға арналған алғашқы онлайн-конференциясын ұйымдастыру идеясы пайда болды. 

Құрбым Назерке Аманбек екеуміз қыздарға ғылым, технология және инженерия саласында (STEM) өзін-өзі дамытуға көмектесетін әйелдер қауымдастығын құру идеясымен шабыттандық. Біз Apple, Google, Facebook, Amazon, Uber қызметкерлері мен сәтті стартаптардың негізін қалаушы 14 қызды шақырдық.

Біз Қазақстандағы қыздарға осы спикерлердің әңгімелерінен шабыт алуға, олардың қолдауын сезінуге және олардан тәлімгер қалыптастыруға мүмкіндік бергіміз келді. Менің ойымша, инженерлік мамандықтар Қазақстанда қыздар арасында танымал болмауының себебі олардың тәжірибелерімен бөлісіп, қолдау көрсете алатын ментор-қыздардың болмауында.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы STEM-де гендерлік теңсіздікке бей-жай қарамайтын қыздар командасы қалыптасты және біз бірге ортақ мақсатқа барамыз. Конференциядан кейін біз қатысушылар үшін вебинарлар, воркшоптар және менторлық өткізуді жоспарлап отырмыз. Бізде 500-ден астам қыз бар және бәріміз бірге - күшпіз!

 

Қазақстан дамуына жетіспейтін нәрселер

Цифрлық теңсіздік 

Мені Қазақстандағы e-learning бастамалары қатты қуантады. Мен цифрланған кезеңде ақпаратқа қол жеткізу өте қарапайым деп есептеймін. Бірақ сонымен бірге, әлі де цифрлық теңсіздіктің бары анық. 

Барлық оқушылар сандық білім беру ресурстарына қол жеткізе бермейді. Жақында ғана ҚР БҒМ мәліметтерін білдім, статистикаға сүйенсек, COVID-19-дан кейінгі дағдарыс басталғалы бері ҚР бойынша 300,000-нан астам оқушы және Алматы облысы бойынша 20,000 оқушы қашықтан оқытуға қол жеткізе алмай қалды. Мәселен,  Бостон мектептерінде барлық оқушыларға ноутбуктер таратылды, өйткені онсыз бала оқу процесінен қол үзеді.

Осы қиынтықтарға көмек ретінде біз, techqyzdar.kz және серіктесіміз Connect_Ed-пен бірге Қазақстандағы цифрлық теңсіздікті төмендетіп, балаларға цифрлық білім беру ресурстарымен бөлісуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта біз конференцияға қатысушылар мен қамқор адамдардан қайырымдылық арқылы қаражат жинап жатырмыз.

 

Әйелге де, ерге дей бірдей еңбек ақы

Бір жұмыс үшін қыздарға да, ерлерге де бірдей ақы төленуі керек. Жігіттермен бірдей міндеттерді атқарған қыздарға бірнеше есе аз жалақы төленгенін мен бірнеше рет естідім. Қазақстанда төлем ақы бойынша теңсіздік жағдайы 2010 жылдан бері өзгермей келеді. БАҚ сараптамасы бойынша, қазақстандық әйелдерге ерлерге қарағанда 35% аз жалақы төленеді.

Шындығында бұл проблема көптеген елде, тіпті Америкада да бар. 2018 жылы ер адам тапқан әрбір доллар үшін әйел тек 0,79 доллар алған. Бұл статистика  әйел minority- категориясынан болса (афроамерикалық немесе латын-американдық) төмендей түседі.

 

Болашақ математиктерге кеңестер

Білімқұмар болыңыз. Математика қайталана беретін іс емес, ақылдың ісі. Жаңа материалды зерттеуге ашық болуыңыз керек. Меніше, барлығы дұрыс ойлау жүйесіне келіп тіреледі. Математикамен бүкіл өміріңізді байланыстырсаңыз ғана айналысыңыз деп айтар едім. Білімді тек жаттау бермейді, сондықтан өзіңізге дұрыс бағыт пен мотивация қойыңыз. 

Математиканы өзіңізге жақын салаларды зерттеуден бастаңыз. Әсіресе, оны өз бетіңізше зерттесеңіз, сізге өте қызық болатын, қызығушылық тудыратын бағыттарынан бастаңыз. Бірден барлық тақырыпқа тарпа бас салудың қажеті жоқ, ондай жағдайда қызығушылыңыз тез басылып қалады.

Есептерді жиі шешіп отырыңыз. Таңертең таңғы ас кезінде, мәселен, бұл сіздің күнделікті жоспарыңызда болсын. Менің ең сүйікті платформаларымның бірінде [brilliant.org] өте ыңғайлы интерфейстегі математикадан әртүрлі тақырыптар бойынша материалдар, есептер, интерактивті тестер жинақталған. Статистика бойынша осы платформадағы мәселелерді шешу маған  сұхбатқа дайындалуға көмектесті.

Жақсы конспектілер жазып жүріңіз. Маған әрдайым құрылымдық жазбалар көмектесті, онда мен тақырыпты өз сөзіммен жазып,  оны математикадан тыс адамдар да түсіне алатындай жазатынмы, оған әрқашан диаграммалар мен мысалдарды қосамын.

Математикадан олимпиадалардан бақ сынап көріңіз. Олимпиададағы математика арқасында менің осы ғылымға деген махаббатым туындады. Mathforces.com/blog - Қазақстанда құрылған математика бойынша онлайн-олимпиадалардың платформасы.

Өзіңізге сенімді болыңыз. Егер сіз математикадағы қандай да бір тұжырымдаманы бірден түсінбесеңіз, алаңдамаңыз. Көптеген адам математикадан қорқады. Егер сіз өз күшіңізге сенсеңіз, оқу динамикасы әлдеқайда жақсы болады. Мен математикадағы барлық ұғымдарды түсінбеймін, бірақ бұл мен оны жасай алмаймын дегенді білдірмейді. Сондықтан өзіңізге сенімді болыңыз.

 

Әрбір оқытушы, зерттеуші өз білімімен әртүрлі форматта бөліседі

Менің университімде ғылыммен де, сабақ берумен де айналысқан оқытушылар болды. Сондай-ақ тек сабақ беретіндері ғана болды. Негізінен әрқайсысынан үйренгенім көп болды. Тек сабақ беретін оқытушылар біліксіз болды дей алмаймын. Меніңше, бұл оқытушының ішкі мотивациясына байланысты. Жеткілікті түрде, жақсы түсіндіретін оқытушылар болады. Сол сияқты ғылыми еңбектері мол мықты ғалымдар кейде сабақ беруге озық болмай жатады. Әрбір оқытушы, зерттеуші өз білімімен әртүрлі форматта бөліседі: бірі ғылыми еңбектер арқылы, енді бірі ауызша, түсіндіру арқылы.

 

Деректер арқылы ағзадағы ауруды анықтауға болады

Деректер талдаушы деген ақпараттарды жинап, өңдейтін, интерпретациялайтын маман. Қазір біз цифрлық ғасырда өмір сүрген соң ақпарат барлық жерде жинақталады. Мобильді құрылғыларда, дүкен, мейрамханаларда - қоғамның барлық салаларында кездеседі. Деректер талдаушысы осы ақпараттың пайдалы болуы үшін жұмыс істейді. 

Деректерді талдау денсаулық сақтау саласында, фармакомпанияларда, аураханаларда ауруды анықтау мақсатында қолданылып жүр. Өкпеге жасалған УДЗ-ға қарап обырдың бар-жоғын анықтай алады. Демек осындай жұмыстар жүргізіледі, осы сала қатты дамып келеді.

Фармацевтикалық компанияда жұмыс істеп жүріп мен асқынудың қандай түрлері болғанда науқастар қай ауруға шалдығуы мүмкін екенін зерттедім.

Мысалы, қызу көтеріліп, ішің ауырса, бұл басқа қандай ауруларға, ағзадағы асқынуларға алып келуі мүмкін екенін бұрынғы науқастар жайлы мәліметтерге қарап білуге болады. Бұл мен үшін өте қызықты болды. Меніңше, қазір көп адам деректер талдауы, машинамен оқыту саласына барып жатыр. Себебі ол қазір бизнес, тауарлар әлемінде ғана емес, сонымен қатар пайдалы зерттеулерде қолданылуда.

Америкадағы көп студенттен математикалық білімім жоғары болды

Қазақстанда РФММ-да оқыған соң, басқа мектептердегі математиканың нақты деңгейін бағалау қиындау. Десе де, байқағаным, менің математикалық білімім Америкадағы көп студенттен жоғары болды. Одан бөлек, Қазақстанда математика, физиканы тереңдетіп оқитын мектептердегі сабақ ауқымды, тапсырма көп. Математикадан өте көп тақырыптарды зерттеп, қарастырдық. Университетке түскен бірінші жылы мен мектепте оқыған бағдарламамды қайталадым. 

Қазір Қазақстандағы ғылымды сырттай бақылап,  көп ғалымның, зерттеушілердің бар екенін, ғылыми жұмыстардың жазылып жатқанын көруге болады және бұл өте қуантады. Әсіресе, Назарбаев университетінде биотехнология, математика, химия, IT-мен айналысатын профессор қыз-жігіттер көп. Осы орайда ғалымдар, зерттеушілер көбірек қаржыландырылып, қолдауға ие болса деген тілек бар.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Талқылау