Супермаркеттер желісі қазақстандық өндірістің макарон өнімдерін сөрелеріне қоюдан бас тартты

Фото: Видеодан скриншот
Қазақстандық кәсіпкер ірі супермаркет желісі тарапынан отандық өнімді менсінбеу байқалғанын айтты. Сөзінше, Galmart супермаркетінің сатып алу бөлімі қазақстандық тауар премиум сапаға жатпайды деп макарон өнімін алмай қойған.
Алматылық Аида Бектілеуова 3 жылдан бері Bravos макарон өнімін шығарумен айналысады. Айтуынша, отандық өнім Алматыда жасалады. Кәсіпкер отандық өнімге деген салғырттықты Threads жазбасында айтып берді.
17 желтоқсанда ол Galmart супермаркет желісіне коммерциялық ұсыныспен, яғни өнімін ұсыну үшін барған екен. Алайда коммерциялық бөлім менеджерлері өнімді көрместен қазақстандық өнім қызықтырмайтынын айтқан. Яғни дүкенде тек жоғары сападағы тауарлар сатылатынын мәлімдепті.
“Бізге тек премиум сападағы өнімдер қажет” деді. “Біздікі де премиум сапада” дедім. “Жоқ, премиум ол – ресейлік Barilla, ал сіздердікі қазақстандық” деп жауап берді. “Біздің өнім Barilla-дан кем түспейді, езіліп кетпейді, қатты бидайдан дайындалады” деп түсіндіруге тырыстық. Олар қазақстандық бренд премиумге жатпайтынын айтты. “Бағасы келіспейді”, “қаптамасы ұнамайды” деген сынды жауаппен бас тартса, түсінер едік. Дәлелді жауап ала алмадық”, – деді кәсіпкер.

Видеодан скриншот
Сондай-ақ Galmart менеджерлері кәсіпкерге отандық өнімнің БЦ-санатына жататынын, кішігірім дүкендерге орналастыру керегін айтты дейді.
Кәсіпкер мәселе бас тартуда емес, отандық өнімді менсінбеуде деп отыр.
“Түсінуге, көруге тырыспады да. “Made in Kazakhstan” дегенді бірден арзан сегмент деп қарағаны ашуландырды. Мұны айтып тұрған адам шетелдік емес. Мұны қазақ қыз айтты. Біз жергілікті өндірушілерді қолдау туралы көп айтамыз. Бірақ нақты келгенде, қолдау болмайды. Мәселе макаронда емес, мәселе санада. Қазақстандағы премиум сапа технологиямен және адал өніммен емес, шетелдік атаумен өлшенсе, біз өз өнімдерімізді құнсыздандырып, шетелдік өнімдерді тұтынуды жалғастыра береміз”, – деді Аида Бектілеуова.
Galmart супермаркет желісі жағдайға қатысты пікір білдіріп, кешірім сұрады.
“Galmart өкілдерімен келіссөз осындай әсер қалдырғанына шын жүректен өкінеміз. Қарым-қатынас тәсіліміз үшін және өніміңізді дұрыс қарастырмағанымыз үшін кешірім сұраймыз.
Galmart ұстанымы бойынша жоғары сапалы өнім ең алдымен сапа, технология, шикізат және өнімнің тұрақтылығына байланысты, шыққан елі немесе қаптамадағы жарқын атау емес. Біз халықаралық брендтермен де, жергілікті өндірушілермен де жұмыс істейміз және қазақстандық өнімдерді қолдауды өз жауапкершілігіміздің маңызды бөлігі деп санаймыз.
Аталмыш жағдайлар біздің құндылықтарымыз бен жұмыс стандарттарымызды көрсетпейді. Біз бұл жайтты міндетті түрде қарастырамыз”, – деп мәлімдеді супермаркет желісі.
Желі қолданушылары кәсіпкердің сөзімен келіспеді.
“Кез келген бизнестің басты мақсаты – сату жасап, табыс табу. Неге мен белгісіз брендпен байланысып, оның қайтарымы қандай екенін білместен онымен жұмыс істеуім керек? Сату маңызды ма, әлде сөрелерді өлі тауармен толтыру ма? Өндіруші брендті біртіндеп танымал етудің орнына нарыққа бірден “басымен” кіруге тырысып, сауда орындарына өз шарттарын қойып, әлеуметтік желіні пайдаланып отыр” деп айыптады қолданушы жазба авторын.
Енді бірі кәсіпкерге шағымданбас бұрын өнімін танымал ету жолында еңбек ету керегін айтты. Сондай-ақ супермаркет желісінің жауабын орынды деп санайды.
“Кез келген белгісіз брендтің деңгейі – базар. Себебі алдымен оны танымал ету керек, содан кейін ірі желілерге шығу қажет. Ол адам сізді ешкім білмейтін жергілікті өндіруші ретінде айтып отыр. Мысалы, сіздің өнім импорттық брендтер сияқты танымал емес. Ал сіз бірден “қысым көрдім” деп отырсыз”
“Galmart сөрелерінде Sultan, Цесна, Кэмми тұр. Бірақ автор ғана ұлттық шығу тегін мәселе көріп тұр”, “Мен бірнеше рет жергілікті кәсіпкер өзімен жұмыс істеуден бас тартқандарға ренжігенін көріп жүрмін. Сосын ол ұлттық факторды хайп үшін пайдаланады. Бірақ мәтінде өндіріс орнының тарапынан ешқандай кемсіту жоқ. Сіз жай ғана сөздерді өзіңізге тиімді етіп бұрмалап алдыңыз”, – деп жарыса жазды желідегілер.
"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма