Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық хирург мұқтаж азаматтарға қабырға етінен құлақ жасап беруде

Қазақстандық хирург-дәрігер Нариман Сатылғанов құлақсыз өмірге келген жандарға үміт сыйлады. Ол қабырға етінен құлақ дайындап, мұқтаж жандарға ота жасайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап хабарлайды.  

Кейбір жандар үшін он екі мүшесінің сау болуы да арманға айналған. Солардың бірі - микротия, яғни құлақсыз өмірге келген жандар. Есту мүшесінің жарғағына күрделі операция жасату шетелде елу мың АҚШ долларынан басталады екен. Бірақ Қазақстанда дәл осы отаны жасауға кіріскен хирург жұртты қыруар қаражатты шет мемлекеттерге шашпауға шақырып отыр. 

Он үш жылдық тәжірибиесі бар Нариман Сатылғанов туа пайда болған патологиялармен айналысып келеді. Ерін жырығы, таңдай ісігі сынды дертке шалдыққандарға шамасы келгенше көмектесіп, сау болып кетуіне жағдай жасауда. Енді шет елдің тәжірибиесіндегі тағы бір сырқатты емдеудің күрделі жолын зерттеп, отандық медицинаға әкеліп қосты. Ол құлақсыз өмірге келген балалар мен азаматтарға өзінің қабырға етінен құлақ жасап, сау адамға айналдыруда. 

"Халықтың сұрауы бойынша құлақ туа пайда болған аурулармен байланысатын болдық. Ол деген микротия, трезия патологиялары және туа пайда болған дефармациялар, соны емдей бастадық. Тәжірибе, бұл Еуропаның тәжірибесі. Айтып жатырмыз ғой, ең керекті ішінен іріктеп алып жатырмыз", - деді Ақсай балалар ауруханасының бет-жақ және мойын хирург-дәрігері Нариман Сатылғанов.

Отандық дәрігердің жасаған операциясы құлақтың сыртқы бөлігін қалпына келтіруге көмектеседі. Күрделі болғандықтан, 8 сағатқа дейін ота үстелінің басында болуға тура келген. Қабырғадан алынған ет әзірге косметикалық тұрғыда жасалған. Болашақта құлақтың өзіне де ота жасауды көздеп отыр. Бұл процесс екі кезеңнен тұрады екен. Жаңа құлақ әуелі бас мүшесіне жабысып тұрады. Бір жылдың көлемінде оны ажыратып, қалыпты құлаққа айналдырады. Бұл ретте, мұндай жұмыс кезінде қабырғада ешқандай өзгеріс болмайды.

"Өзгерістер болмайды. Өйткені, біз сүйекті алып жатқан жоқпыз. Тек қана жұмсақ "хришевой поверхность" (үстіңгі жағы) дейді, соның бөліктерін алып-алып, соны қосып, құлақ қалқанын жасап жатырмыз. Одан ешқандай өзгеріс болмайды", - деді Нариман Сатылғанов.

Мұндай ота жасау көршілес Ресей еліне үш-төрт жылдың көлімінде келіпті. Ал, АҚШ пен Еуропа бұл бағытта көш ілгері. Қабілетті дәрігерлердің қолына ота жасату да тым қымбат. Мәселен, Америка да 100 мың доллар сұраса, Еуропа елдерінде 50 мыңнан 70 мыңға дейін бағаланады. Қазір отандастарымыздың арасында мұндай дертке шалдыққандар сол жақтарға ағылып жатқан ұқсайды. Ал алғашқы тәжірибиесін өткізген хирург бұл әдісті де кеңінен насихаттап, елімізде де жасауға болатынын халыққа айту қажет, деп санайды. Сонымен қатар, оның құны да тым қымбат болмауы керек деген ойда. Сондықтан министрліктен көмек болса, іске кірісетінін айтты.

"Бізде, мысалы, 2000-3000 бала бар. Егер де әрбір бағасын елу мың, жүз мың долларға көбейте берсек, біздегі мынау қазақстанның экономикасына қатты әсер етеді деп ойлаймын. Егер де осы операцияға министрліктен ақша бөлінсе, өзіміз тек қана өзімізді дамытпай, басқа шет елдердің балаларын қабылдауға дайынбыз", - деді хирург.

Алғашқы ота мемлекеттік квотомен жасалған. Енді ары қарай да алып кетеміз, дейді ақ халатты абзал жан. Қазақстанда бұл бағыт бойынша медицина қатты дамымағандықтан, құлақсыз жүрген азаматтардың арасында жасы ұлғайып кеткендері де бар екен. Алайда операция жасау үшін ешқандай жас шектеуі жоқ. Хирургты тек қана Алматы қаласының тұрғындары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп келеді.

"Баламызда ерні жырық болған еді, қазір операциясынан өттік. Тәуірміз! Рақмет, бәрі ойдағыдай өтті. Бүкіл желілерден іздестірдім, инстаграм, желілер тек қана осы кісінің аты бірінші шығады ғой", - деді Аягөз қаласының тұрғыны Гаухар Исабекова.

Тәжірибелі хирург зерттеуін әлі де жалғастыруда. Өйткені, болашақта мұндай жағдаймен келетіндердің көбейе түсетініне сенімді. Айтуынша, ең алдымен практика жүзінде меңгеру, тәжірибеде аса қатты қиындық тудырмайды. Ал жаңа құлақ жасатқан он бес жастағы жеткіншек бір аптадан кейін ауруханадан шығарылмақ. Алғашқы кезеңі сәтті өткендіктен, екінші кезеңіне де дәрігерлер сақадай сай тұр.

Талқылау