Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы препарат сынақтан сәтті өтті
Қазақстандық ғалымдар қатерлі ісік ауруын емдеуге көмектесетін препаратты сынақтан сәтті өткізіп жатыр. Бұл дәріні бірінші рет қабылдағаннан кейін он бес онкологиялық науқастың жағдайы тұрақтанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет Telegram арнасынан скрин
Профессор Дос Сарбасовтың айтуынша, дәріні бірінші рет қабылдағаннан кейін он бес онкологиялық науқастың жағдайы тұрақтанған. Олардың алтауында ісіктің өсуі тоқтап, біреуінде тіпті 30% азайған. Қазір дәрігерлер препаратта уыттылықтың жоғын растағаннан кейін оның дозасын арттырды.
"Біз қатерлі ісікке қарсы аппаратты 2022-2023 жылдары сынай бастадық. Рұқсат құжаттарын алдық. Клиникалық сынақтың 1 және 2-кезеңдерін өткіздік. Қазір жоғары дозаны алуға қол жеткіздік. Сынақтар Қазақ онкология және радиология институтында өткізіліп жатыр. Біз глюкозаны сіңіретін рак клеткаларын жоямыз. Халықаралық патентіміз бар. Бақылау тобында болған 5 пациенттің жағдайын тұрақтандыруға әсер етті. Ісік өскен жоқ, бір науқаста ісік 30% азайды. Істі соңына дейін жеткізіп, 2-3 жылда жобаны аяқтауымыз керек", — деді Дос Сарбасов.