Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футболдағы жемқорлық туралы "Offside" сериалы өшірілді: Қазақстандық продюсер желідегі парақшаларының бұғатталғанын айтты

Қазақстандық футболдағы сыбайлас жемқорлық туралы Offside сериалы депутаттың сынынан кейін көрсетілмей қалды

Фото: Видеодан скрин

Отандық “Offside” сериалының продюсері әрі онда басты рөлді сомдаған Рүстем Омаров сериалдың көрсетілімі не себепті тоқтағанын түсіндірді. Продюсер Instagram мен YouTube арналарының бұғатталып қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актердің айтуынша, мұның бәрі депутат Құдайберген Бексұлтанов “Сәке” және “Прокурор” сериалдары туралы пікір білдіріп, оларда тым көп балағат сөздер бар екенін айтып, сынға алғаннан кейін басталған. Содан отандық жобалар қызу талқыға түсіп, “Offside” сериалының түсірілім тобы сериалдың шығуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.

“Біздің Instagram мен YouTube арналарымыз бұғатталып қалды. YouTube-та шамамен 300 мың жазылушымыз бар еді. Неліктен бұлай болғанын білмеймін, бірақ қазір бәрін қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Бұл шешілетін мәселе, қажет болса жаңа арна ашамыз. Ал егер оны да бұғаттаса, сериалды DVD немесе бейнекассета түрінде шығарамыз. Сондықтан уайымдамаңыздар, Offside міндетті түрде шығады”, – деді Рүстем Омаров.

Ол сериалдың шығуы уақытша кейінге шегерілгенін айтты. Жоба тобы техникалық қиындықтарды шешіп жатыр және жақын арада көрерменге жол тартпақ.

“Біз лудомания, есірткіге тәуелділік, жыныстық құлдық, мектептегі буллинг, әкімдіктердегі жемқорлық және алаяқтық мәселелерін көтердік. Бірақ футболдағы мәселелерді көтергенде мұндай үлкен шабуылға бірінші рет тап болып отырмыз”, – дейді продюсер.

Айт кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов Қазақстандағы фильмдерде дөрекілік, арсыз сөздер мен қатыгездік жиі кездесетінін айтып, бұндай контентке наразылық білдірген еді. 

Айым Болатқызы
Жұма, 17 Қазан, 2025 08:31
Талқылау