Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мәжіліс депутатын жасаған мәлімдемесі үшін сотқа берді

Фото: parlam.kz

Қазақстан тұрғыны Виталий Шевченко мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинді сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талап арызды қабылдады.

Сот мәліметіне сәйкес, талапкер депутаттың Facebook желісінде жариялаған жазбасын өзінің ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрі қорлайтын деп тануды, сондай-ақ депутатты көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеуді талап етеді.

Азаматтың арыз жазуына Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің құқықтарының бұзылуы тақырыбы талқыланған кезде парламент депутаты айтқан пікірлер себеп болған. Шевченко бұл мәлімдемелерді өзін қорлайтын деп есептейді.

Талап арыз бермес бұрын азамат мәжіліске шағыммен жүгінген. Мәжілістің жауабында депутатты жауапкершілікке тартуға немесе кешірім сұратуға негіз жоқ екені, себебі айтылған сөздер жеке пікір білдіру ретінде бағаланатыны айтылған. Сонымен қатар депутаттық этика жөніндегі кеңес бұл шешіммен келіспеген жағдайда өтініш берушіге сотқа жүгінуді ұсынған.

Осыдан кейін Шевченко Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап арыз берді. Алдын ала сот отырысы 14 қаңтарда өткен. Келесі сот отырысы 22 қаңтарға белгіленді.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 18:29