Ресейдің Тергеу комитеті Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судьяның қазасына қатысты тексеріс бастады

Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның қазасына қатысы бар адамдар Мәскеуде болуы мүмкін деген ақпаратты тексеруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі комитеттің баспасөз қызметіне хабарлайды.
Тексеріс жүргізуге Ресей телеарнасының эфирінде Сайлыбаеваның өліміне арналған жаңалықтар сюжеті себеп болған. Осыдан кейін қаза тапқан әйелдің ата-анасы Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге жүгінген.
“Онда кісі өлтіруге марқұмның енесі мен бұрынғы күйеуі қатысы болуы мүмкін екені, қылмыстық іс Германияда қозғалғаннан кейін олардың Мәскеуге бой тасалағаны айтылған. Сюжетте келтірілген деректерге сәйкес, Мәскеу қаласы бойынша РФ Тергеу комитетінің тергеу органдары процессуалдық тексеріс ұйымдастырды”, – делінген жарияланымда.
Судьяның өлімі туралы не белгілі?
Айта кетейік, 2024 жылғы маусымда Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылды.
Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді